Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленгелі бері, оның келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл өзгерістердің ең айқын көрінісі – қаланың абаттандырылуы мен көгалдандырылуы. Бұрынғы жалаң алаңдар мен бос жатқан жерлер бүгінде жасыл желекке оранып, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы демалыс аймақтарын сыйлауда.
Қала көшелерінде түрлі сәндік ағаштар мен гүлдер отырғызылып, жаңа саябақтар мен демалыс аймақтарының саны артуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмалары негізінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Күзгі-көктемгі ағаш отырғызу науқандары тұрақты жолға қойылып, отырғызылған жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстары да үнемі атқарылуда.
Бұл маңызды жұмыстарды жүзеге асыруда Түркістан қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің рөлі зор. Бөлімнің тапсырысы негізінде «Түркістан жасыл желек» мекемесі және келісімшарт бойынша жұмыс атқаратын «СК Гео Карт» ұйымы бірлесіп, кешенді жұмыстарды атқаруда.
Биылғы жылы көгалдандыру жұмыстарының ауқымы ерекше. Табиғат қорғау басқармасына қарасты тұқымбақтардан күзгі науқанда 134 мың көшет тегін алынып, оның 70 мыңға жуығы қала аумағына егілген. Бұл туралы «SK Geo Cart» ЖШС-нің директоры Көркемжан Ешметов мәлімдеді. Оның айтуынша, компания Табиғат қорғау басқармасынан күз айында 134 мың көшет әкеліп, оның 70 мыңға жуығын егіп үлгерген.
Қала тұрғындары көгалдандырудың қарқынын күнделікті байқап, жасыл қалаға айналып бара жатқан Түркістанның өзгерістерін көзбен көруде. Қазіргі таңда «Эко-базар» аумағы, қалалық және облыстық әкімдік айналасы, сондай-ақ шеткі аймақтарда да ағаш көшеттерін егу және жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Оспан Арманның басшылығымен кең ауқымда жүзеге асуда.
Жаңадан отырғызылған ағаштар мен гүлдер қаланың көркін ашып, тұрғындарға таза ауа мен жайлы ортаны сыйлауда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Түркістан жасыл желекке оранған, заманауи қалаға айналу жолындағы жаңа серпінді айқын сезінуге болады. Келешекте де бұл жұмыстар жалғасын тауып, Түркістанның жасыл астана ретіндегі мәртебесін нығайта түсетіні сөзсіз.
