Түркістан қаласында өткен «Turkistan investment and tourism forum–2025» халықаралық инвестициялық форумына келген шетелдік компания өкілдері Түркістан қаласындағы өндірістік аймақтарды аралап, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласындағы «Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймақтарында, «SPK» шағын өндірістік паркінде болды.
Бұл іс-шара Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен жүзеге асырылып, өңірде ауқымды инвестициялық жобалардың тұрақты түрде іске асырылуының нәтижесі болып отыр.
Қала экономикасын әртараптандыру, инвестициялық әлеуетті арттыру және шетелдік компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнату бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта, Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов пен Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов және сала мамандары шетелдік компания өкілдеріне өңірдің инвестициялық әлеуетін жан-жақты таныстырды.
Делегацияның сапары Түркістан маңындағы шағын өндірістік паркінде жалғасты. Мұнда инвесторларға өндіріс аймағының мүмкіндіктері, соның ішінде жиһаз зауыттары, тоңазытқыш шығаратын кәсіпорын, есік және дрон шығаратын өндірістердің жұмыс барысы мен инфрақұрылым жүйесі көрсетілді. Сонымен қатар көкөніс сақтау қоймасы мен тамшылатып суару жүйелерінің жұмысы баяндалды. Инвесторларға жасалатын қолдау көрсету мүмкіндіктері де талқыланды.
Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі компания өкілдері Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысты. Бұл форумда өңірдің дамуына серпін беретін бірнеше жобалар аясында ынтымақтастық меморандумдары жасалып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды.
Қытай делегациясының бұл сапары аталған форумда қол жеткізілген келісімдерді іске асыруға және жаңа серіктестіктер орнатуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бұл сапар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын одан әрі дамытуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
