Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Шолаққорған ауылындағы Жеткіншек шағын ауданында жаңа тұрғын үйдің кілті табысталуы – аудан тұрғындары үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. 16 пәтерлі, 2 қабатты заманауи үй апатты жағдайдағы үйлерде тұратын отбасыларға жаңа өмір бастауға мүмкіндік берді.

Бұл маңызды әлеуметтік жобаның жүзеге асуына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» компаниялары қаржылай қолдау көрсетті. Осылайша, халық игілігіне бағытталған бұл құрылыс ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, бұл жобаның аудан дамуына қосар үлесінің зор екенін атап өтті. Ол ұлттық компанияның өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын сендірді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтап, бұл мәселенің шешілуіне атсалысқан барлық тараптарға алғыс білдірді.
«Апатты үйлердің мәселесін шешу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін «Қазатомөнеркәсіп» компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Бұл жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «КАТКО» мен «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын!» – деді аудан басшысы.
«КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл да құттықтау тілегін білдіріп, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстарының жалғаса беретінін атап өтті.
Жаңа тұрғын үй заманауи талаптарға сай жабдықталған. Пәтерлер толық инженерлік желілермен қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген. Бұл жаңа баспана тек тұрғындарға жайлы өмір сүруге мүмкіндік беріп қана қоймай, ауданның көркейіп, дамуына да серпін береді деп сенеміз.
