Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі – бұл тек қаланың ғана емес, бүкіл еліміздің тарихындағы маңызды оқиға. Осы мерейлі сәтті атап өту және жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» ұранымен қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ауқымды спорттық дода ұйымдастырылды. Бұл жарыс 2012–2013 және 2014–2015 жылдары туылған жас балуандарды бір алаңға жинап, олардың өзара бақ сынауына мүмкіндік берді.
Балуан.Шолақ атындағы спорт кешенінде өткен спорттық додаға еліміздің әр түкпірінен келген 250-ге жуық жас балуан қазақ күресінің дәстүрлі ережелері бойынша күш сынасып, төзімділіктерін, ептіліктерін және шеберліктерін паш етті.
Жарыстың салтанатты ашылуында Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы қатысушыларды құттықтап, жас балуандарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Түркістанның тарихи маңызына тоқталып, жастардың спортпен айналысуының қоғамдағы рөліне ерекше назар аударды. «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» ұранының маңыздылығын атап өтіп, спорттың жастарды дұрыс жолға бағыттайтынын, олардың бойындағы энергияны позитивті бағытқа жұмсауға көмектесетінін айтты.
Бұл спорттық додаға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен жас таланттар қатысты. Олардың қатарында Қарағанды және Орал облыстарының, Ақтөбе қаласының, Қармақшы, Арал, Шиелі аудандарының, сондай-ақ Түркістан қаласының, Жуалы, Созақ, Сауран, Шардара, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласының жас спортшылары болды. Әрбір қатысушы өз өңірінің намысын қорғап, қазақ күресінің дамуына үлес қосуға тырысты.
Бұл жарыс жас балуандарға өздерін сынап көруге, тәжірибе жинақтауға және болашаққа деген сенімдерін нығайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» ұраны арқылы жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және оларды қоғамның белсенді мүшесі ретінде тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болды. Түркістанның ерекше мәртебесі аясында өткен спорттық шара жастардың рухани-адамгершілік және дене тәрбиесін дамытудағы маңызды рөл атқаратынын дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, олардың еңбектері лайықты бағаланды. Бұл дода жас балуандардың алдағы уақытта да спорттық жетістіктерге жетуіне ынталандырып, Түркістан қаласының жастар үшін спорттық жағынан да дамуына үлес қосты.
