Түркістан қаласын заманауи «Smart City» тұжырымдамасына негізделген ақылды қалаға айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің цифрлық трансформациясы мен қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуының бір көрінісі. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Цифрлық технологиялар адамдардың өмір сапасын жақсартып, күнделікті тұрмысын жеңілдетуі тиіс. Smart City үлгісі барлық ірі қалада енгізілуі керек» деп атап өткен болатын.
Ел Президенті жүктеген осы міндеттерді орындау мақсатында Түркістанда «Ақылды аялдама» жобасы қолға алынды. Түркістан қалалық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ұлан Жамбылұлының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда қала аумағында барлығы 683 аялдама бар Аталған 683 аялдаманың ішінде 53-і – жабық аялдамалар. Бұл жабық аялдамалардың негізгі мақсаты – тұрғындардың ауа райының қолайсыз жағдайларынан, яғни жаңбырдан, қардан немесе қатты желден қорғалуын қамтамасыз ету. Бұл шаралар жолаушылардың күту уақытын жайлы өткізуіне және қоғамдық көлікке отыру кезінде қолайсыздықтарды азайтуға бағытталған.
Бөлім басшысының айтуынша, «Ақылды аялдама» жобасы аясында жеке кәсіпкер тартылып, құжаттар рәсімделіп, сенімгерлік басқару жөнінде келісімшартқа қол қойылғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі таңда қалада 4 «ақылды аялдама» іске қосылған.
Онда тегін ақпараттық LED-экран, Wi-Fi желісі, салқындатқыш жүйе, бейнебақылау камералары, электронды құрылғыларды қуаттағыш, жоғары жылдамдықты оптикалық интернет және тұрақты қуат көзі қарастырылған. Бұл шешімдер тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, қоғамдық көлікті күту процесін әлдеқайда ыңғайлы етеді.
Ақпараттық LED-экран арқылы жолаушылар қоғамдық көліктердің келу уақыты, бағыттары туралы нақты ақпарат ала алады. Бұл уақытты тиімді пайдалануға және күтуді азайтуға көмектеседі.
Бейнебақылау камералары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған бұл камералар аялдама аумағындағы тәртіпті бақылауға және кез келген төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Заманауи өмір салтына сай смарт аялдамаларда орнатылған тегін Wi-Fi желісі жолаушылардың жолда интернетке қосылуына, ақпарат алмасуына немесе жұмыстарын жалғастыруына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда смарт аялдамалар «Аққу» шағынауданында, медициналық колледж маңында, Саттарханов даңғылында және 11-ші көшеде орналасқан. Бұл аялдамалардың орналасқан жерлері қаланың белсенді аудандарына бағытталған, бұл олардың тиімділігін арттырады.
Жаңа үлгідегі аялдамалар қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз болмақ.
Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатын алға қойып, аялдама инфрақұрылымын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта аялдамаларды жаңарту және жаңа смарт үлгілерін орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Бұл шаралар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қоғамдық көліктің тартымдылығын жоғарылатуға ықпал етеді.
Қала әкімдігінің бұл бағыттағы жұмыстары Түркістанды заманауи, жайлы және дамыған қала ретінде қалыптастыруға бағытталған.
