ТҮРКІСТАН: САЙЛАУ ӨТКІЗУДЕ АСК МҮШЕЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ СӨЗ БОЛДЫ

2026 жылдың 22 мамырында Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 2026 жылғы тамыз айына жоспарланған Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлау науқанын дұрыс ұйымдастыру мақсатында каскадтық оқу шарасы өтті. Іс-шара барысында комиссия мүшелеріне «Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауында сайлау учаскелерін дайындау мен өткізудегі АСК мүшелерінің жауаптылығы» тақырыбында арнайы дәріс оқылып, тиісті нұсқаулар берілді.

Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Бердикулов өз баяндамасында аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтті. Төрағаның айтуынша, комиссия мүшелерінің жауапкершілігі бірнеше маңызды бағытты қамтиды: сайлау учаскесінің мерзімінде дайындалуын қадағалау, дауыс беру кабиналары мен жәшіктерінің толық болуын тексеру, сайлаушыларға еркін дауыс беру үшін қолайлы жағдай жасау және құпиялылық принципінің сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, құжаттардың дұрыс ресімделуін, заң бұзушылықтардың алдын алу, дауыс санаудың ашықтығын бақылау және хаттамалардың мінсіз толтырылуы – әрбір мүшенің негізгі міндеттері болып табылады.

Қ.Бердикулов сайлау заңнамасын бұзу немесе өз міндеттерін орындамау жағдайында АСК мүшелері тәртіптік, әкімшілік, ал ауыр жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Бұл ретте сайлау процесінің құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған Конституциялық заңдармен реттелетіні ерекше атап өтілді.

Іс-шара барысында сайлау бюллетеньдерінің таратылуы мен толтырылуын бақылау мәселелері де қаралды. АСК төрағасының орынбасары А. Масабаев учаскелік сайлау комиссиялары төрағаларының орынбасарларының осы жұмыс барысындағы жауапкершілігін нақтылады. Сонымен қатар, әдістемелік-ақпараттық материалдар мен тест сұрақтары таратылып, қатысушылар өз білімдерін пысықтап, біліктіліктерін арттырды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар