СОЗАҚТА 29 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Созақ ауданындағы Жеткіншек ықшам ауданында әлеуметтік маңызы зор іс-шара өтті. Мұнда 29 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл баспаналар көпбалалы ата-аналар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бөлінді. Қуанышты сәтті аудан тұрғындары мен ардагерлермен бірге бөліскен жаңа қоныс иелерінің көңіл-күйі көтеріңкі болды.

Іс-шара барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін құттықтап, мемлекеттің тұрғын үй саласындағы саясатына тоқталды. Оның айтуынша, баспана – шаңырақ берекесінің кепілі, ал бүгінгі шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамының нәтижесі. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғаса беретінін атап өтті.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жаңа қоныс иелеріне амандық тілеп, олардың ризашылығын мойындады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс білдірген отбасылар өз қуаныштарын жиналған жұртшылықпен бөлісті.

Тұрғын үй кезегіне тұру және азаматтарды іріктеу процесі қазір «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде әділ таңдау жасауға мүмкіндік береді.

Созақ ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды әрі үздіксіз жалғасып жатыр. Қазіргі таңда Жеткіншек ықшам ауданында пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталған сайын, бұл баспаналар да өз иелеріне кезең-кезеңімен табысталады. Сонымен қатар, ауданда 20 пәтерлі жаңа тұрғын үйлердің құрылысы да қолға алынған.

Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар