Еліміздегі жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін реформалау аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау институтының енгізілуі – саяси жүйенің демократияландыруға қарай маңызды қадамы болып табылады. Бұл жаңашылдық тек бюрократиялық процестерді жеңілдетіп қана қоймай, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың өз өмір сүріп отырған аймағының даму бағытын өз бетінше айқындауына, шешім қабылдау процесіне тікелей араласуына толық мүмкіндік береді.
Осы маңызды оқиғаға орай, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылы әкімінің 28 маусымға тағайындалған сайлауына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Бахтияр Өскенбаев пен Қайратбек Мырзакелдиев, сондай-ақ Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Садуов және төраға орынбасары Бауыржан Ибадуллаев №60 және №62 сайлау учаскелерінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Мамандар сайлау процесінің заңдылықтарға толық сәйкестігін, техникалық және ұйымдастырушылық жағдайлардың дайындығын мұқият зерделеді.
Жұмыс сапары барысында сайлау учаскелерінің дауыс беруді өткізуге дайындығына мониторинг жасалып, материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі, қызметтік құжаттаманың жүргізілуі және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейі жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар ғимараттардың қолжетімділігі, көлік тұрақтарының болуы, сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтердің толық жабдықталуы, мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналастырылуы, байланыс құралдарының дайындығы, мемлекеттік әнұранның болуы, компьютерлік техника мен интернетке қолжетімділік мәселелері тексерілді.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасау, үйде дауыс беруді ұйымдастыру, дауыс беру кабиналары мен жәшіктерінің талапқа сай жабдықталуы, тактильді жолақтардың болуы, сондай-ақ сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларға арналған орындардың орналасуы да назардан тыс қалған жоқ.
Зерделеу қорытындысы бойынша №60 және №62 учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына алдағы сайлауды қолданыстағы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдастыру және дайындық жұмыстарын одан әрі жетілдіру жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.
Сайлау учаскелерінің дайындық деңгейін бағалау және әдістемелік қолдау көрсету бағытындағы мұндай жұмыстар сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Бұрын ауыл әкімдері жоғарыдан тағайындалатын. Бұл жүйе кейде жергілікті ерекшеліктерді ескермей, тиімсіз шешімдер қабылдауға әкелетін. Ал қазіргі жаңа тәсіл бойынша, ауыл әкімін халық өзі таңдайды. Сайлау процесі ашық, әділ және заңды негізде өтуі тиіс. Бұл тұрғындардың өз үміткеріне деген сенімін арттырып, билік пен халық арасындағы ыңғайсыздықты азайтуға ықпал етеді.
Ауыл әкімін сайлау – бұл жай ғана процедуралық іс-шара емес, ол қоғамдық сананың өзгеруінің көрсеткіші. Бұл жүйе жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтып, азаматтардың мемлекеттік процестерге қатысу әрекетін күшейтеді. Нәтижесінде, ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына және халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізетін шынайы өзгерістерге жол ашады. Ауыл әкімінің халық таңдауымен келуі – Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды және тарихи маңызы зор қадам болып табылады.
