«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ» ЖАС МАМАНҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ АШТЫ

Бүгінгі таңда елімізде жас мамандарды қолдау, оларды тұрақты жұмыспен қамту және кәсіби тұрғыдан шыңдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Әсіресе, оқу орнын жаңа бітірген түлектердің еңбек нарығында өз орнын табуына «Мансап орталықтары» арқылы жүзеге асырылатын бағдарламалар үлкен септігін тигізуде. Түлкібас ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Орталықтың қолдауымен алғашқы еңбек жолын бастап, бүгінде кәсіби ортада өзін дәлелдеп үлгерген жас мамандардың бірі – аудан тұрғыны Жанар РАХМЕТ.

Жанар Рахмет 2024 жылы «Мансап орталығының» жолдамасымен «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектебіне жолдама алған болатын. Бұл жоба — жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдаудың бірегей тетігі. Практика кезеңінде өзінің еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен және балалармен тіл табысу шеберлігімен көзге түскен жас маман биыл үлкен межеден өтті. Ол аталған білім ошағында жарияланған ашық конкурсқа қатысып, өз білімін дәлелдеу арқылы технология пәнінің мұғалімі болып тұрақты жұмысқа орналасты.

Мектеп әкімшілігі де жас маманның ұжымға тез сіңісіп, сабақ беру барысында заманауи әдіс-тәсілдерді белсенді қолданатынын атап өтті. Технология пәні арқылы өскелең ұрпақты еңбекке баулып, қолөнер мен шығармашылыққа жетелейтін жас ұстаз өз мамандығын мақтан тұтады.

Ұстаздық жолды серік еткен Жанар Рахмет мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз кәсібінің шыңдалуына, алғашқы еңбек кітапшасының ашылуына мүмкіндік алғанын айтып, ағынан жарылды:

«Мұғалім болу — жай ғана мамандық емес, бұл — үлкен жауапкершілік. Ол ізденімпаздықты, педагогикалық шеберлікті, тоқтаусыз еңбек пен нәтижені талап етеді. Маған өмірде өз жолымды табуыма, мамандығыма деген сенімділігімнің артуына үлкен мүмкіндік берген Түлкібас аудандық Мансап орталығы мамандарына алғысым шексіз. Жастарды қолдайтын мұндай бағдарламалардың барына қуанамын», – дейді жас ұстаз.

Түлкібас аудандық «Мансап орталығы» мамандарының айтуынша, ауданда дипломы бар, бірақ тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа тарту шаралары алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса бермек. Жанар секілді албырт арманмен келіп, нәтижелі еңбектің арқасында тұрақты маманға айналған жастардың оқиғасы — өзге де түлектерге үлкен мотивация. Мемлекеттік қолдау мен жеке құлшыныс ұштасқан жерде ғана Әділетті Қазақстанның еңбекқор қоғамы қалыптасатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар