Түлкібас аудандық Мансап орталығының мобильді тобы шалғайдағы ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Шараның басты мақсаты — мемлекеттік қолдау шараларын халыққа қолжетімді ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Бұл жолғы көшпелі кездесулер аудан орталығынан қашықта орналасқан елді мекендердің тұрғындарын ақпараттандыруға бағытталды. Жиын барысында ауыл халқына жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Мобильді топ мамандары тұрғындарға «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар сабақтастығы» және «Күміс жас» жобалары секілді субсидияланытын жұмыс орындарының тиімділігі мен сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жазылу тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, жеке ісін ашқысы келетін азаматтарға арналған жеңілдетілген шағын несиелер мен мемлекеттік гранттардың шарттарын таныстырды.
Кездесу барысында әрбір тұрғынның көкейінде жүрген сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Мамандар тұрғындардың өтініштерін жеке-жеке қарастырып, құжаттандыру және «Еңбек биржасы» (Enbek.kz) порталын қолдану бойынша практикалық кеңестер берді.
«Шалғай ауылдарда ақпараттың уақытылы жетуі өте маңызды. Осы ретте мобильді топтың жұмысы ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар игілігін өз деңгейінде көруіне үлкен септігін тигізеді», — деп атап өтті Мансап орталығының өкілдері.
Шара соңында белсенді түрде жұмыс іздеуге және кәсіп бастауға ниет білдірген бірқатар ауыл тұрғындары есепке алынып, оларға алдағы уақытта іс-тәжірибелік көмек көрсету жоспарланды. Мансап орталығының бұл бағыттағы көшпелі жұмыс кестесі ауданның өзге де шалғай округтерінде жалғасын табатын болады.
