ТӨЛЕБИДЕ «АДАМ САУДАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Төлеби ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заманауи қауіп-қатерлердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда аудандық Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Адам саудасының алдын алу» тақырыбында ашық есік күні мен азаматтарды жеке қабылдау шарасы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты — қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алу, тұрғындарға заңдық тұрғыдан бағыт-бағдар беру және көмекке мұқтаж жандарды анықтау.

Ашық есік күнінде орталық мамандары жиналған қауымға адам саудасының белгілері мен қауіп-қатерлері туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Әсіресе, заңсыз еңбекке жегу, алдау арқылы түрлі қанау түрлеріне тарту сияқты жағдайлардан қалай сақтану керектігі айтылды. Мамандар егер азаматтар осындай қиын жағдайға тап болса немесе күмәнді жайттарды байқаса, жедел түрде қайда және кімге жүгіну қажеттігі туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.

Шара барысында әрбір келген азаматтың өтініші жеке тыңдалып, оларға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық бағытта тегін консультациялар берілді. Сондай-ақ қатысушыларға күнделікті өмірде қажет болатын арнайы ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратылды.

Орталық мамандарының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру шаралары Төлеби ауданында алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар