ЖАС МАМАН АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫН ЕМХАНАДА БАСТАДЫ

Жоғары және орта арнаулы оқу орындарын жаңа бітірген түлектерді қолдау, олардың мамандық бойынша тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына сенімді қадам басуын қамтамасыз ету — мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мемлекет тарапынан ұсынылған осындай бірегей мүмкіндікті тиімді пайдаланып, «Жастар практикасы» жобасы аясында алғашқы еңбек жолын бастаған жас мамандардың бірі — кентаулық Шұғыла Шерияздан.

Шымкент медициналық колледжінің түлегі Шұғыла Шерияздан мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, бүгінде Кентау қалалық №1 емханасында қызмет етуде. Жас маманның айтуынша, колледжде алған білім теңіз болса, оны іс жүзінде қолдану — нағыз шеберлікті қажет етеді. Шұғыла мейірбике ісінің қыр-сырын, пациенттермен тығыз жұмыс істеуді, емшараларды уақытылы әрі сапалы орындауды дәл осы емхана қабырғасында жүріп, өз көзімен көріп, тәжірибе жүзінде меңгерді. Мұндай теориялық білімді практикамен ұштастыру жас маманның кәсіби деңгейін көтеріп, өз-өзіне деген сенімділігін айтарлықтай арттырды.

«Емхана қабырғасына келгенде ғана өзімді нағыз мейірбике ретінде сезіндім. Колледжде оқыған кезде бәрі басқаша көрінетін. Ал қазір күнделікті емхана тіршілігіне араласып, науқастарға көмегім тиіп жатқанын сезінгенде, мамандық таңдауда қателеспегенімді түсіндім. Жұмыстың қыр-сырын үйретіп жатқан ұжымыма және осындай мүмкіндік берген «Жастар практикасы» жобасына алғысым шексіз!» – дейді Шұғыла Шерияздан ағынан жарылып.

Бұл мысал «Жастар практикасы» жобасының диплом алған жас түлектер үшін еңбек нарығында тәжірибе жинақтап, өз орнын табуға таптырмас мүмкіндік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар