ҚАЛАНЫҢ КӨРКЕЮІНЕ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТ

Қазіргі таңда Қазақстанның экономикалық дамуы мен әл-ауқаты тікелей еңбек адамдарының, әсіресе жұмысшы мамандықтарының өкілдерінің еңбегімен байланысты. Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын үнемі атап өтуде. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы үшін маңызды қадам.

Кентау қаласының көркі мен тазалығын сақтауға үлес қосып жүрген еңбек адамдарының бірі – «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері. Бұл мекеме қаланың абаттандыру саласындағы негізгі тіректердің бірі болып табылады. Олар саябақтар мен аллеяларды жөндеу, гүлзарлар мен скверлерді күтіп ұстау, көше бойын көгалдандыру, жарықтандыру және суару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Осы жауапты салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген тәжірибелі агроном Ғафуржан Юлдашев – мекеменің білікті мамандарының бірі. Ол қаланың жасыл желегін көбейтуді, талдар мен гүлдерге күтім жасауды күнделікті міндетіне айналдырған. Әсіресе күз мезгілінде көшет отырғызу, топырақты дайындау және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ғафуржан Пазылұлының еңбегінің арқасында Кентау қаласы жыл сайын жаңарып, көркейіп келеді.

Ғафуржан Пазылұлы тек өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар қызметте де, отбасында да үлгі. Төрт перзент тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты әке. Ол өз білімі мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, оларды да осы салаға қызықтыруда.

Кентаудың бүгінгі көркейген келбеті – осындай еңбек адамдардың маңдай терінің нәтижесі. Қаланың әрбір жасыл желегі – олардың адал еңбегінің белгісі. Осындай жандардың арқасында қаламыз көркейіп, тұрғындардың көңілі тоқ болады. Еңбек адамдарына құрмет көрсету – біздің басты міндетіміз. Олардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар