ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ЖІБЕРІЛІП, ҚОҒАМНАН ӨЗ ОРНЫН ТАПТЫ

Өмірдің кез келген сынағына мойымастан, өз ісімен қоғамға пайда әкеліп жүрген жандардың тағдыры әрқашан жүрекке жылу сыйлайды. Солардың бірі – Кентау қалалық Мансап орталығының қолдауымен тұрақты жұмысқа орналасып, бүгінде «Ақниет» мүгедектер мен зағип жандардың қоғамдық қайырымдылық қорының тігін шеберханасында еңбек етіп жүрген Зибагүл Жакипова.

Зибагүл — II топ мүгедегі. Ол үшін бұл орын жай ғана жұмыс орны емес, бұл – өмірге деген құштарлықты оятып, өз кәсібін қайта жалғастыруға берілген үлкен мүмкіндік болып отыр. Бүгінде өзі секілді тағдырлас жандармен иық тіресе жүріп, өз кәсібінің жемісін көруде.

Тігіншілік – Зибагүлдің бала күнгі арманы әрі сүйікті ісі. Ол шеберханадағы әрбір бұйымды үлкен жауапкершілікпен, ерекше ыждағаттылықпен тігеді. Қолдан шыққан әрбір киімге жүрек жылуын қосатын шебердің еңбегі өз нәтижесін беріп, ұжымда үлкен беделге ие болуда.

«Ісіңді сүйіп атқарсаң, оның нәтижесі де көркем болады» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған ол маңдай терімен келген табыстың қадірін жақсы түсінеді. Мұндай жандардың табандылығы мен еңбекқорлығы өзгелерге де үміт сыйлап, алға ұмтылуға жігер береді.

Мемлекет тарапынан азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе халықтың әлеуметтік осал санаттарын еңбекпен қамтуға бағытталған маңызды тетіктердің бірі – қоғамдық жұмыс орындары. Бұл бағыт тұрақты жұмыс таба алмай жүрген немесе қосымша табыс табуды қажет ететін азаматтарға уақытша немесе тұрақты түрде еңбек етіп, әлеуметтік қолдау алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталмыш жұмыстар еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, адамдардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жол ашады.

Кентау қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, шаһарда қоғамдық жұмыс орындары бойынша биыл 320 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Дегенмен, атқарылған жұмыстардың ауқымдылығы мен сұраныстың жоғары екендігін көрсететін көрсеткіш – жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, нақты 381 жұмыссыз азаматтың жұмыспен қамтылуы. Бұл – жүздеген отбасының тұрмысы түзеліп, әрбір азаматтың қоғамдағы өз орнын табуына жасалған нақты қадам.

Зибагүл тәрізді еңбекқор жандардың жетістігі – мемлекет қолдауы мен адамның өз күшіне деген сенімінің ұштасқан жерінде үлкен белестердің бағындырылатынын дәлелдей түседі. Еңбек еткеннің еңсесі биік боларын көрсеткен осындай жандардың өмір жолы көпшілікке үлгі болары анық.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар