СУҒА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ: МАҚТААРАЛДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Жазғы демалыс кезеңінде тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қайғылы жағдайлардың алдын алу және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында Мақтаарал ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, полиция бөлімі және жергілікті әкімдік бірлесіп, кешенді рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырды.

Аталмыш жұмыстардың барысын пысықтау үшін ұйымдастырылған арнайы саптық жиынға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Н.Саттаров қатысып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді. Жиын барысында жеке құрамның қатысуымен қауіпсіздік шараларын күшейту, рейдтік жұмыстардың тиімділігін арттыру және әрбір құрылымның өзара үйлесімді әрекет етуі жан-жақты талқыланды.

Өңірдегі су айдындарында қауіпсіздікті сақтау мақсатындағы профилактикалық іс-шараларға барлығы 53 адам жұмылдырылды. Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар бөлімінің 21 қызметкері, полиция бөлімінің 15 өкілі, әкімдіктің 9 маманы және 8 ерікті волонтер бұл жұмысқа белсене кірісті. Екі күнге жоспарланған іс-шара шеңберінде аудан аумағындағы су айдындарында 4 рейд ұйымдастырылып, халық көп жиналатын орындар мен қауіпті учаскелер қамтылды.

Рейд кезінде мамандар тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың қайғылы салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптары көрсетілген арнайы жадынамалар таратылып, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу және белгіленген ережелерді қатаң сақтау қажеттілігі айтылды. Мұндай іс-шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жазатайым оқиғалардың алдын алу және қоғамдағы жауапкершілікті арттыру.

Мақтаарал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарға үндеу жасап, су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмай, тек арнайы белгіленген рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажеттігі ерекше ескертіледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар