«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: МАҚТААРАЛДА «ТҰРМЫС» ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы ауқымды жұмыстардың бірі — «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Шара аясында тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын аралап, түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізді.

Бұл іс-шаралардың мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде елдегі тұрақтылық пен әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын үнемі назардан тыс қалдырған емес. Президент алға қойған сындарлы саясаттың негізгі діңгегі — қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын берік орнықтыру. Тәртіп бар жерде — береке, заң үстемдік құрған жерде — қауіпсіздік болатынын ескерсек, мақтааралдық полицейлердің бұл қадамы аталған қағидаттың іс жүзіндегі көрінісі болып табылады.

Аудандық полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары бірлесе қимылдап, есепте тұрған тұлғалармен жеке профилактикалық әңгімелесулер өткізді. Тәртіп сақшылары әр шаңыраққа кіріп, отбасы мүшелерінің құқықтары мен заң талаптарын түсіндірді.

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы атап өткендей, заң бұзушылықтың кез келген түріне «мүлдем төзбеушілік» таныту — әрбір азаматтың міндеті. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу және заң шеңберінен шыққандарға дер кезінде тосқауыл қою арқылы ғана біз қауіпсіз қоғам құра аламыз. Жергілікті тәртіп сақшылары алдағы уақытта да отбасы құндылықтарын қорғау және заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалау бағытындағы кешенді іс-шараларды жалғастыра бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар