«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жасанды интеллект технологияларын дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Осыған орай Шымкентте  М.Әуезов атындағы ОҚУ-да «Жасанды интеллект және цифрлық даму – ұлттық идея» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.

Кездесуде «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының доценті Нұрлыбек Жұматаев студенттерге жасанды интеллекттің бүгіні мен болашағы жайлы терең мағлұмат берді.

«Жасанды интеллект  – қазіргі заманғы технологияның ең қызықты әрі ерекше қарқынмен дамып жатқан саласы. Біз ЖИ-дің әсерін күнделікті өмірімізде, дауыстық көмекшілерден бастап, жекелендірілген ұсыныс жүйелеріне дейін, айқын көріп жүрміз. Алдағы уақытта ЖИ біздің өмірімізді қалайша түбегейлі өзгертетінін түсіну – бүгінгі күннің өзекті міндет. Жасанды интеллект – адам ойын имитациялайтын компьютерлік жүйелерді жасау. Ол үйренуге, мәселе шешуге, шешім қабылдауға және шығармашылыққа қабілетті. Мақсаты – адамсыз жұмыс істейтін, дамитын және бейімделетін интеллектуалды машиналар жасау» деді Нұрлыбек Жұматаев.

Жасанды интеллект бүгінгі таңда өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол жұмыс істеу, оқу, қарым-қатынас және ойлау тәсілдерімізді өзгертіп жатыр. Бүгінде жасанды интеллект медицина саласында диагностика, емдеу, дәрі-дәрмекті зерттеу бағытында, қаржы саласында алдау оқиғаларын анықтау, тәуекелді бағалау, сауданы автоматтандыруда, көлік саласында автопилотты көліктер, қозғалысты оңтайландыру үшін қолданылуда. Сонымен қатар, білім саласында жекелендірілген оқыту, бағалау, студенттерге қолдау ретінде, өндіріс саласында автоматтандыру, сапаны бақылау, техникалық қызмет көрсетуде, онлайн сауда-саттық жасауда кеңінен пайдаланылуда.

Нұрлыбек Жұматаев студенттерді заманауи технологиялардың көш басында тұруға, жасанды интеллектті терең меңгеріп, оны практикалық тұрғыда қолдануға шақырды. Ол бүгінгі таңда жасанды интеллекті болашақ маманның басты құралына айналғанын, осы бағытта білім алу  уақыт талабы екенін ерекше атап өтті.

«Жасанды интеллект – бұл тек технологиялық жаңалық емес, ол біздің болашағымызды анықтайтын күш. Оның мүмкіндіктері шексіз, бірақ онымен бірге келетін жауапкершілікті де ұмытпауымыз керек. ЖИ-дің дамуын дұрыс бағытта ұйымдастырып, оның адамзат игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етсек, біз шынымен де жарқын болашаққа қадам баса аламыз. Болашақтың кілті бүгіннен басталады, ал ол кілт – жасанды интеллектті саналы түрде игеруде» деп атап өтті ғалым .

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар