ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Шымкентте М.Әуезов атындағы  ОҚУ-дың «Заң» факультетінде «AI Week – 2025» апталығы аясында «Оқытудағы жасанды интеллект: ХХІ ғасырдың жаңа оқытушы» тақырыбында өткен әдістемелік семинарда осы тақырып талқыға салынды.
Спикер – «Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу» кафедрасының заң ғылымының магистр, аға оқытушысы Р.Ж. Тоханова. Семинарға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар және студенттер қатысты.
– Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында «Жасанды интеллектінің даму жылдамдығы өте тез, қарқыны жоғары. Сондықтан бір орында тоқтап қалмай, бұл іске үнемі жаңа көзқараспен қарау қажет» деп атап өтті. Жасанды интеллект дәуірінде жаңа оқытушының бейнесі қандай болуы керек? Жасанды интеллект оқытушылардың күнделікті жүктемесін азайтып, студенттерге оқу материалын меңгеруге көмектеседі. Мысалы, робот тестілеуді жүргізіп, оның нәтижелерін бірден көрсете алады. Жасанды интеллект көмегімен кейбір оқу орындары болжамды аналитиканы енгізуде. Бұл оқытушылардың студенттерге белгілі үй тапсырмасына немесе сынаққа қанша уақыт жұмсайтынын бағалауға көмектесуде, – деді спикер өз сөзінде.
«Заң» факультетінің деканы М.А. Елікбай, әдістемелік комиссия төрағасы, «Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу» кафедрасының меңгерушісі з.ғ.к., доцент Г.Р.Рахметова, з.ғ.к., доцент А.Е. Есеналиев сөз сөйлеп, жасанды интеллект дәуіріндегі оқытушылардың мүмкіндіктері, ЖИ құралдарын білім бағдарламасында қолдану, жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын, икемді, заманауи оқытушы бейнесі туралы пікір алмасулар болды.
Жиын барысында ғалымдар мен студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға спикер тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар беріліп, пікір алмасты.
Атап өтейік, университетте профессор-оқытушылар құрамының жасанды интеллект саласындағы біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта арнайы курстар, семинар-тренингтер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, заманауи білім беру технологияларын меңгеруге жағдай жасалуда. Бұл бастамалар оқыту сапасын арттырып, білім беру үдерісіне AI құралдарын тиімді енгізуге жол ашуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар