М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде AI Week — 2025 апталығы өз жұмысын бастады. Апталықтың мақсаты – студенттер мен жас ғалымдарды цифрлық технологияларға бейімдеу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру мен ғылымға тиімді енгізу жолдарын талқылау.
Бүгін осы мақсатта «Білім беру жүйесіндегі жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен болашағы» тақырыбында семинар ұйымдастырылып, оған университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдары қатысты.
Спикер — Strike Plagiarism компаниясының Бизнес департаментінің директоры Ақмарал Күжиева семинар барысында мазмұнды әрі өзекті тақырыптарды қамтыды. Атап айтқанда, қазіргі қолданыстағы жасанды интеллект (ЖИ) құралдары, ЖИ мазмұнын анықтау тәсілдері, академиялық үдерістегі ЖИ-дің мүмкіндіктері мен міндеттері, сондай-ақ антиплагиат жүйесіндегі ЖИ-мен жұмыс істеу ерекшеліктері жайында жан-жақты мәлімет берді. Жиын барысында ғалымдар мен оқытушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикер тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар беріліп, пікір алмасу өрбіді.
—Жасанды интеллект (АИ) технологиялары жыл сайын білім беру саласына тереңдей түсуде. Олар үйреншікті әдістер мен оқыту әдістерін өзгерте алады. AI мүмкіндіктері білім беру процестерін жақсартады және оқыту тәсілдерін қайта қарастыруға мәжбүр етеді. AI білім беру индустриясы үшін үлкен әлеуетке ие. Ең алдымен, ол мұғалімдерден көп уақытты қажет ететін күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруды өз мойнына алады. Жасанды интеллект студенттер мен мектеп оқушыларын оқытуда жетекші бола алады. Бүгінгі таңда AI негізіндегі қосымшалар мен құралдар нарығы қалыптасуда, олардың негізінде бірнеше тенденцияларды ажыратуға болады, — деді спикер.
Атап өтейік, бүгінгі таңда жасанды интеллект (AI) тек технологиялық жетістіктердің емес, білім беру, ғылым, медицина, өнеркәсіп, қаржы, тіпті күнделікті өмірдің де ажырамас бөлігіне айналуда. Сондықтан ғалымдар арасында жасанды интеллектті тиімді қолдану, оның әлеуетін ғылыми-зерттеу мен оқыту процесіне интеграциялау – маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
