СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ: БИЫЛ 55 КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аймақтардың дамуына серпін беріп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруде. Әкімдерді тікелей сайлау мен өңірлердің дербестігін арттыруға бағытталған бұл реформалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылым мен абаттандыру секілді өзекті мәселелерді жергілікті жерде тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістердің нақты көрінісін Түркістан облысы, Созақ ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан айқын көруге болады.

Бүгінгі таңда Созақ ауданында тұрғындардың жайлы қатынасын қамтамасыз ету мақсатында елді мекенішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Шолаққорған ауылдық округінде жалпы ұзындығы 8,635 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төселуде. Қазірдің өзінде Жеткіншек мөлтек ауданындағы А.Төребеков, Атауы жоқ №1, С.Төлендіұлы және Атауы жоқ №2 көшелері асфальтпен қамтылып үлгерді.

Жол құрылысының сапасы мен қарқынын бақылау мақсатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталмыш көшелерді арнайы аралап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға барлық жұмыстардың сапалы атқарылуын және белгіленген мерзімде толық аяқталуын қатаң тапсырды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып, Кіші Балдысу, Б.Тастыбаев, К.Тұрымбеков, Жібек жолы №3, Абылай хан, Т.Тоқбергенов, Жібек жолы-1, Ж.Меймандосов және Достық көшелеріне, сондай-ақ Абай елді мекеніндегі Шәкәрім-2, Қайсенов-2 және өзге де аталмаған екі көшеге асфальт төсеу қолға алынбақ.

Жалпы биылғы жылы аудан көлемінде 39,5 шақырымды құрайтын елді мекенішілік 55 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл ауқымды жоспардың аясында Шолаққорған, Созақ, Таукент, Жуантөбе, Тасты, Шу және Қаратау ауылдық округтеріндегі 39 көшеге асфальт төселсе, Қарақұр, Шаға, Ақсүмбе, Тайқоңыр, Қыземшек және Тасты ауылдық округтеріндегі 16 көшеге қиыршық тас төселуде.

Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар KXSZ-12 «КХ-57 – Созақ – Бақырлы – Ақсүмбе» автомобиль жолының 11,05 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Маңызды жобаға сәйкес бұл жол нысанын ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Мемлекет тарапынан берілген өңірлік дербестік пен жергілікті тұрғындардың мүддесін ескерген бұл бастамалар ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын айтарлықтай жақсартып, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға сүбелі үлес қосуда.

Screenshot

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар