Бүгінгі таңда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын индустрияландыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өзінің стратегиялық Жолдауларында ауыл шаруашылығын «экономиканың нақты драйверіне» айналдыру қажеттігін үнемі тапсырып келеді. Осы орайда, Түркістан облысында, соның ішінде Кентау қаласында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шаруалардың еңбегін тиімді өтеу және мемлекеттік субсидиялау тетіктерін барынша оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың тікелей бақылауымен өңірдегі шаруа қожалықтарының өнімділігін арттыру және оларды заманауи технологиялармен қаруландыру мәселесі басты назарда тұр.
Кентау қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету – шаруалардың қаржылық тұрақтылығын сақтаудың басты кепілі. Бүгінгі таңда субсидиялау жүйесі толығымен цифрландырылып, «Qoldau» және «Gosagro» ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйелер арқылы қаржыландыру процесінің барынша ашықтығы қамтамасыз етілген. Бұрынғыдай қағазбастылық пен делдалдық әрекеттер жойылып, шаруалар өз өтінімдерін онлайн режимде жолдап, субсидияның бөліну барысын нақты уақытта қадағалай алады. Әкімдік тарапынан шаруаларға аталған платформалармен жұмыс істеуді үйрету, құжаттарды сауатты рәсімдеу және субсидия алу жолдарын түсіндіру бойынша үздіксіз кеңес беру жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ердәулет Сапарбайұлының айтуынша, сала мамандары шаруалардың әрбір өтініміне жете назар аударып, туындаған қиындықтарды жедел шешуге күш салады. Бүгінде мал шаруашылығын дамытудағы «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары аясында асыл тұқымды мал басын көбейтуге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Мәселен, асыл тұқымды бір бұқа үшін 260 мың теңге, асыл тұқымды қошқарға 26 мың теңге, ал асыл тұқымды айғырға 175 мың теңге көлемінде нормативтік субсидиялар қарастырылған. Бұл шаруалардың генетикалық әлеуеті жоғары мал басын сатып алып, отандық ет және сүт өнімдерінің көлемін арттыруына тікелей ықпал етеді.

Өсімдік шаруашылығы саласында да субсидиялаудың жаңа деңгейіне қол жеткізілді. Атап айтқанда, фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 миллион теңге, ал өнеркәсіптік жылыжайларға 8,4 миллион теңге көлемінде инвестициялық субсидия қарастырылған. Сонымен қатар, су тапшылығы сезілетін аймақтарда су үнемдеу технологияларын – тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелерін орнатқан шаруалардың шығындарының 50 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Бұл іс-шаралар шаруалардың суды үнемдеп қана қоймай, өнімнің шығымдылығын еселеп арттыруына мүмкіндік береді.

Балық шаруашылығы да – Кентау үшін әлеуеті жоғары сала. Осы бағыттағы субсидиялау шаралары балық өсірушілердің азық сатып алу, шабақтарды баптау және дәрілік препараттармен қамтамасыз ету сияқты шығындарының 50 пайызына дейінгі бөлігін өтеуге бағытталған. Бұл акваөсіру өнімінің өзіндік құнын төмендетіп, жергілікті балық өнімдерінің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жүйелі жұмыстың нәтижесін нақты сандардан да көруге болады. Кентау қаласы бойынша 2024 жылы жылыжай шаруашылығымен айналысатын 3 шаруа қожалығы мемлекеттік қолдауға ие болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5-ке дейін өсті. Бұл – жергілікті фермерлердің мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне деген сенімінің артқанын білдіреді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша да оң динамика сақталуда, 2024 жылы 3 бірдей шаруа қожалығы субсидия алып, өз кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Аталған барлық субсидиялау бағдарламалары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрықтары негізінде, Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының үйлестіруімен жүзеге асады. Қаладағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі алдағы уақытта да шаруаларды жаңа бағдарламалармен таныстыруды, олардың өнімділігін арттыруға арналған оқу-семинарларын өткізуді жалғастыра береді. Кентау әкімдігі шаруалардың өзекті мәселелерін тыңдап, олардың кәсібін өркендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың қолжетімділігін қамтамасыз етуді өздерінің басты міндеттерінің бірі деп санайды.
