Қоғамның дамуы мен алға басуында жастардың рөлі ерекше. Олар – болашақтың тірегі, жаңа идеялардың бастауы, өзгерістердің қозғаушы күші. Бүгінгі таңда жастар тек болашаққа үміт артып отырмай, қазіргі қоғамның ортасында белсенді жұмыс істеп, оның дамуына елеулі үлес қосуда. Бұл орайда Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Орталық мамандары қараша айында атқарған жұмыстарымен жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және олардың құқықтық сауаттылығын жоғарылатуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асырды.
Маңызды тақырыптарда пікір алмасу
Орталық мамандары Кентау қаласының Кентау политехникалық колледжінің студенттерімен және Ащысай ауылының Ж.Жабаев атындағы №7 мектебінің оқушыларымен кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған негізгі басымдықтар талқыланды. Әсіресе, жасанды интеллектінің қоғам дамуына қосатын үлесі, инвестиция тартудың экономикалық өсімге әсері және заң мен тәртіпті сақтау мәдениетінің маңызы туралы терең пікір алмасулар болды. Бұл талқылаулар жастардың болашаққа деген көзқарасын кеңейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
«Жастар ресурстық орталығы», сонымен қатар, Кентау қаласының Полиция бөлімімен тығыз бірлесе отырып, есірткі бизнесінің алдын алу мақсатында маңызды жұмыстар атқарды. Қала аумағында, тұрғын жайларда есірткі заттарын жарнамалауға бағытталған заңсыз графитти жазбаларды анықтау және оларды өшіру жұмыстарына белсенді түрде қатысты. «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында өткен бұл іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, оның таралуына жол бермеу, жастар мен тұрғындарды заңсыз жарнама мен теріс ақпараттан қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу болды.
Түнгі рейдтер
Орталық Кентау қаласының Полиция бөлімімен бірлесе «ЖАСӨСПІРІМ ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК» тақырыбында тағы бір маңызды іс-шараны ұйымдастырды. Бұл іс-шара аясында екі тарап бірлесіп, қала жастары мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түнгі рейдтерге шықты. Рейдтердің негізгі мақсаты – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің түнгі мезгілдерде көшелер мен қоғамдық орындарда беймезгіл жүруін болдырмау болды. Бұл рейдтер тек Кентау қаласының өзінде ғана емес, қала құрамындағы барлық ауылдарда да жүргізілді. Бұл шаралар жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың дұрыс жолдан таймауына және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығының» бұл белсенді жұмыстары жастардың қоғамдағы рөлін арттырып, олардың болашаққа деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз.
Құқықтық білімді тереңдету және құқықбұзушылықтың алдын алу
Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» тақырыбында өткізілген кездесу студенттердің заңдық білімдерін тереңдетуге арналды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша түсініктерін қалыптастыру болды.
Әскери борыш – абыройлы міндет
Кентау қаласы мен Ащысай, Хантағы, Байылдыр ауылдарында «Әскери борыш — абыройлы міндет» тақырыбында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жастарға әскерден кейін ұсынылатын мүмкіндіктер мен әлеуметтік қолдаулар туралы ақпарат берілді.
Салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу
Ащысай ауылында «Арақсыз ауыл — салауатты болашаққа бағыт» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ащысай ауылының Ж.Жабаев атындағы №7 ШЖЖББ мектебінде оқушылар арасында зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында «Вейпсіз ауыл» тақырыбында профилактикалық кездесу өткізілді. Бұл кездесуде оқушыларға вейп өнімдерінің зияны туралы түсінік қалыптастырылып, электронды темекінің денсаулыққа тигізетін қауіп-қатерлері азайтылып, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру көзделді. Қоғамда «Вейпсіз ауыл» қағидасын насихаттау арқылы қауіпсіз әрі дені сау орта қалыптастыру маңызды болды.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу
Кентау қаласының Полиция бөлімімен бірлесе Кентау қаласының орталық мешітінде қала тұрғындарына және жастарына интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, брошюралар таратылды.. Іс-шара барысында қала тұрғындарына және жастарына брошюралар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Салауатты өмір салты және әсемдік
Жастар ресурстық орталығы Кентау қаласындағы №12 Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінде «Сымбатты ару салауатты өмір иесі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Бұл іс-шара жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттыруға, әсемдік пен денсаулықтың арасындағы байланысты түсіндіруге бағытталған.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Көңілді караоке» кеші ұйымдастырылды. Бұл шара жастарға көңілді демалыс сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өзара қарым-қатынастарын нығайтуға мүмкіндік берді.

P.S. Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жүргізіп жатқан жұмыстары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Орталықтың белсенділігі жастардың қоғамдағы рөлін нығайтып, олардың болашаққа деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да орталық осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, жастардың дамуына және қоғамның өркендеуіне өз үлесін қоса беретін болады.
