ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАЙСЫЗ ОТБАСЫЛАР САНЫ 29-ҒА КЕМІГЕН

Төлеби ауданында «Қауіпсіз үй» республикалық акциясы аясында ауқымды бірлескен рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, маңызды профилактикалық жұмыстар атқарылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған бұл шараға «Отбасын қолдау орталығының» мамандары, полиция бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері және басқа да мүдделі мекемелердің жауапты қызметкерлері бірлесіп қатысты.

Тан сәріден іске кіріскен мобильді топ алдымен профилактикалық есепте тұрған азаматтардың шаңырағын аралады. Олар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен жіті танысып, қолданыстағы заң талаптарын түсіндірді және көмекке мұқтаж жандардың түйткілді мәселелерін мұқият тыңдады. Жүргізіліп жатқан мұндай кешендi жұмыстардың нәтижесіз емес екені аңғарылады. Бүгінде тұрғындардың бірі бұрынғы қателігін мойындап, тәртіпке бой ұсынғанын жеткізсе, енді бірі өткеннен тиісті сабақ алғанын айтады. Нәтижесінде, Төлеби ауданында профилактикалық есепте тұрғандар қатары біртіндеп азайып келеді. Атап айтқанда, өткен жылы ауданда 77 жайсыз отбасы тіркелсе, биыл олардың саны 29-ға кеміп, бүгінгі таңда 48 отбасы есепте тұр және олар тұрақты түрде бақылауға алынған.

Мамандар бұл оң көрсеткішті жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жедел профилактикалық шаралардың жемісі деп бағалайды. Жыл басынан бері аудан көлемінде ай сайын рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары табанды түрде жүргізіліп келеді. Тексеру барысында балаларына немқұрайлы қараған бірнеше отбасыға тиісті шара қолданылып, қатаң ескерту жасалды. Қазіргі таңда бұл отбасылар қалыпқа келіп, өз шаңырақтарында балаларымен бірге тату-тәтті өмір сүруде.

Аталмыш профилактикалық жұмыстарға полиция қызметкерлерімен қатар «Отбасын қолдау орталығының» мамандары да белсенді атсалысып жүр. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен жеке тәртіпте жұмыс жүргізеді.

Мамандар білікті психологиялық және құқықтық кеңес беріп қана қоймай, қолданыстағы әлеуметтік қолдау бағдарламаларын жан-жақты түсіндіреді. Мәселен, баспанасыз қалған 3 отбасы «Отбасын қолдау орталығын» уақытша паналап, орталық мамандарының қолдауымен қысқа мерзім ішінде тұрғын үй мәселесі шешіліп, қажетті әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, қауіпті топқа кіретін отбасылардың балаларын ерте анықтап, тиісті органдарға дереу хабар беру арқылы оларға қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық беріледі.

Сала мамандарының айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралардың түпкілікті мақсаты – азаматтарды жазалау немесе жауапкершілікке тарту емес, керісінше олардың қоғамға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету. Себебі дер кезінде көрсетілген құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көлеңкеде қалуы мүмкін көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар