СПОРТ КЕШЕНІ АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ СҮЙІКТІ ОРНЫНА АЙНАЛЫП ҮЛГЕРДІ

Түркістан облысында ауылдық аймақтардың әлеуетін арттырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Өткен жылы облыс әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауы шалғай елді мекендердің дамуына тың серпін берген болатын. Бәсеке нәтижесінде Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылы үздік деп танылып, жергілікті тұрғындардың көптен бергі тілегі ескеріліп, елді мекенде заманауи спорт кешені бой көтерген болатын.

Жыл соңында қолданысқа берілген бұл маңызды нысан бүгінде ауыл жастарының сүйікті орнына айналып, бұқаралық спорттың қарыштап дамуына үлес қосып келеді.

Халықтың игілігіне берілген спорт ордасының іші мен сырты толықтай заман талабына сай жабдықталған. Нысанның ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі есігін айқара ашса, сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» құрылғылары мен балаларға арналған ойын алаңшалары қызмет көрсетуде.

Бүгінгі таңда мұнда бокс, еркін күрес және футбол секциялары тұрақты жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен жүйелі түрде шұғылданып жүр. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының кәсіби спортқа қадам басып, салауатты өмір салтын ұстануына кең жол ашып отыр.

Ауқымды жобаның сапалы жүзеге асуына «VERTEX BUILD» ЖШС жауапты болып, құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды. Жалпы құны 500 миллион теңгеден асатын бұл кешеннің аумағы 2,83 гектарды құраса, зәулім ғимараттың ауданы 1720 шаршы метрге жетеді.

Жаңа спорт нысанының ашылуы тек өңірдің спорттық әлеуетін арттырып қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да оң ықпал етті. Атап айтқанда, спорт кешенінің іске қосылуы арқасында 10 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл азаматтары еңбекпен қамтылды.

«Үлгілі ауыл» атанған Шарбұлақтың бұл жетістігі өңірдегі басқа да елді мекендерге үлгі болып, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты жоюдың жарқын көрінісіне айналып отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар