АРЫСТА БАЙҚАУШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІ АРТТЫРЫЛУДА

Елімізде өтетін маңызды саяси науқандардың ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуі қоғамның басты назарында. Осы орайда Арыс қалалық аумақтық сайлау комиссиясының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды оқу-семинары болып өтті. Басқосудың басты мақсаты – сайлау процесін бақылайтын азаматтардың кәсіби даярлығын жетілдіріп, заңнама нормаларын қолдануда бірізділікті қамтамасыз ету.

Жиын барысында сайлау комиссиялары қызметінің негізгі бағыттары жан-жақты талқыланып, ұйымдастыру жұмыстарының құқықтық және практикалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Н.Әділбеков өз сөзінде байқаушылар мен сенімді өкілдермен жұмыс істеу тәртібіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар сайлау күніне дайындық барысы, кез келген түсініспеушіліктер мен даулы жағдайларды шешу жолдары туралы маңызды түсіндірмелер берілді. Бұл өз кезегінде сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Мазмұнды басқосуға Түркістан облыстық «Дауыс» коалициясының жетекшісі Б.Әшірбаев та қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Семинар соңы қатысушылардың белсенділігімен жалғасып, көкейде жүрген сауалдарға нақты жауаптар берілді. Мұндай оқыту курстарының жүйелі түрде ұйымдастырылуы сайлау процесінің әділ де заңды өтуіне, сондай-ақ байқаушылар институтының әлеуетін арттыруға зор үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар