Еліміздің саяси өміріндегі айтулы науқандардың бірі – Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы орайда жуырда Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мен қоғамдық ұйымдар, коммерциялық емес құрылымдар өкілдерінің, сондай-ақ қала ардагерлерінің қатысуымен маңызды «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. Басқосудың басты мақсаты – алдағы маңызды саяси науқан алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын үйлестіру және ақпараттық қолдау көрсету бағыттарын талқылау болды.
Кездесуге қаламыздың белсенді азаматтары, атап айтқанда, «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің басшысы М.Молжигитов, еңбек және партия ардагерлері Ж.Қойшиев, Р.Қозыбаев, Ә.Қанай, О.Орынбасаров сынды қариялар қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық азаматтық ұстанымдарын танытты. Сондай-ақ жиынға Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Садуов, төраға орынбасары Б.Ибадуллаев және комиссия хатшысы Ұ.Шайзада қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Жиын барысында комиссия төрағасы Б.Н.Садуов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жоспарына сілтеме жасай отырып, Кентау қаласында сайлауға дайындық бағытында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар туралы кеңінен түсініктеме берді. Қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті әдістемелік нұсқаулар мен тұщымды жауаптар алды.
Шара соңында қаланың қоғамдық ұйымдары мен ардагерлер қауымының саяси сауаттылығы мен белсенділігі ерекше атап өтіліп, бұл өңір тұрғындары үшін үлкен өнеге екені айтылды. Ардагерлер еліміздің жүргізіп отырған саясатын толық қолдайтынын жеткізіп, қоғамдағы оң өзгерістерге ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыруға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін мәлімдеп, қалалық сайлау комиссиясының жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Нәтижелі өткен бұл кездесу өңірдің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен бірлігін тағы бір мәрте айғақтай түсті.
