Бүгін ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Мемлекеттің ертеңгі бағытын айқындайтын бұл түбегейлі науқанға қатысу әрбір саналы азаматтың борышы ғана емес, ел болашығына деген жанашырлығының көрінісі. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындары саяси науқанға жоғары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскелеріне ағылуда.
Халықтың өз еркін еркін әрі кедергісіз білдіруі үшін өңірде барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, Түркістан мен Арыс қалаларында және Қазығұрт ауданында тұрғындардың сайлау учаскелеріне еш кедергісіз жетіп, азаматтық борышын орындауы үшін қоғамдық көліктер бүгін бір күн бойы тегін қызмет көрсетуде. Бұл игі бастама жұртшылықтың қала ішіндегі қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, сайлаушылардың келу көрсеткішін арттыруға бағытталған тиімді қадам болып отыр.
Демократиялық қағидаттар мен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беру құқығы да толық қорғалған. Облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандардың учаскелерге кедергісіз келіп, өз таңдауын жасауы үшін арнайы көліктер мен мамандар толық жұмылдырылды. Атап айтқанда, 65 инватакси, 49 әлеуметтік такси және 56 қосымша автокөлік тұрғындардың қызметінде. Сонымен қатар, сайлау процесінің ашықтығы мен түсінікті болуын қамтамасыз ету үшін 209 сурдоаудармашы мен 770 жеке көмекші жұмыс істеп, азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуде.
Бүгінгі саяси науқан – ел бірлігі мен саналы таңдаудың көрінісі. Әрбір дауыс мемлекеттің даму жолында шешуші рөл атқаратындықтан, түркістандықтардың бұл науқанға бейжай қарамай, белсене қатысуы қоғамдағы оң өзгерістердің кепілі саналады.
