ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: БЕС АУДАНҒА АУЫЗ СУ ЖЕТКІЗЕТІН ІРІ ЖОБА ЖОСПАРЛАНДЫ

Түркістан облысында ұзындығы 54,7 шақырым болатын магистральдық су құбыры мен қуаты 72 МВт су электр станцияларының каскадын салу жоспарланып отыр. Жоба бес аудандағы 1 миллионнан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «South Hydro Power» ЖШС тиісті келісімге қол қойды.

Жоба Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарын қамтиды. Оның нәтижесінде аталған аудандардағы 1 миллионнан астам тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізеді деп күтілуде.

Сонымен қатар су құбырының бойында салынатын су электр станцияларының каскады жылына 72 МВт көлемінде «жасыл» электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Түркістан облысындағы энергия тапшылығын азайтуға ықпал етпек.

Келісім аясында нысанды тиімді пайдалану үшін қажетті су тұтыну көлемі белгіленіп, жобаның инвестициялық кезеңі мен пайдалану мерзімдері айқындалған. Сондай-ақ ұзындығы 54,7 шақырымдық магистральдық су құбырын кейіннен мемлекет меншігіне өтеусіз беру қарастырылған.

Айта кетейік, салынады деп жоспарланған топтық су құбыры мен су электр станцияларының каскады Қазақстан Республикасының стратегиялық су нысандары тізіміне енгізілген. Құрылыс жұмыстары кезінде отандық өнімдердің үлесі 90 пайызды құрайды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл жоба халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

«Бүгін біз маңызды стратегиялық құжатқа қол қойдық. Бұл жобаны іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Түркістан облысының дамуына елеулі үлес қосады. Қосымша энергетикалық қуат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын экологияға зиян келтірмей, тиімді орындауға мүмкіндік береді», – деді министр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар