Мемлекет басшысы спортты дамытуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі ретінде, Созақ ауданының орталығында заманауи үлгідегі жаңа спорт кешенінің ашылуы – айтулы оқиға болды.
Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңының салтанатты ашылуына Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және көптеген тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков өз сөзінде жаңа спорт нысанының ашылуымен баршаны құттықтап, оның қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті.
«Дене шынықтыру мен бұқаралық спорт – салауатты ұлт қалыптастырудың негізгі тетігінің бірі. Бүгін қолданысқа беріліп отырған заманауи жабық футбол алаңы, жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа жақын болуына, олардың бойында бәсекеге қабілеттілік пен командалық рухты қалыптастыруға жағдай жасайды. Осындай игі істі қолға алып, аудан тұрғындарына зор мүмкіндік сыйлаған кәсіпкер азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді аудан басшысы.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, оның аудан өміріндегі маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ауыл ақсақалдары да жаңа алаңның табысты қызмет етуіне ақ баталарын беріп, жастарға спортта табыс тіледі.

Бұл жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев жүзеге асырды. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайтын бұл кешен, заманауи жасыл төсенішпен жабдықталған және жыл бойы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Жабық үлгідегі алаң ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, спорттық іс-шараларды өткізуге жағдай жасайды.
Алаңның ашылуынан кейін ересектер арасында кіші футболдан турнир басталып, оған 12 команда қатысуда. Бұл жарыс жаңа алаңның алғашқы ресми іс-шарасы болып табылады, ол жергілікті спортшылардың шеберлігін шыңдауға және командалық ойынды дамытуға ықпал етеді.
Жаңа спорт нысанының ашылуы аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды спортқа баулуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына, денсаулығын нығайтуына және белсенді өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді деп күтілуде.
