Шымкентте қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қалаға тағы 40 жаңа автобус жеткізілді. Олар бес бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсететін болады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында «Радуга-Транспорт» ЖШС мен «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС сатып алған жаңа автобустармен танысты.
Жаңа автобустар №6, 51, 67, 74 және 92 бағыттары бойынша қатынайды. Қазіргі уақытта оларды жолға шығаруға дайындық жүргізілуде.
Заманауи талаптарға сай қоғамдық көліктер қажетті жабдықтармен қамтылып, бірыңғай дизайн үлгісінде безендірілген.
Биыл жыл соңына дейін Шымкентке 192 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 107-сі жеткізілді. Қалған 85 автобус бекітілген кестеге сәйкес сатып алынбақ.
Қоғамдық көлік паркін жаңартудағы негізгі мақсат – жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын жақсарту және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау.
