Биылғы оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық мектептерінде «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бұл бастама – болашақ ұрпақтың саналы, патриоттық және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына бағытталған маңызды қадам. Сайрам ауданында да бұл бағдарлама сәтті жүзеге асырылып, білім беру ұйымдарында жаңаша тәрбиелік жұмыстар қолға алынуда.
Ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастыра отырып, оқушылардың тәрбиелік әлеуетін арттырады. Мысалы, әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу процесінің өзегіне айналады.
Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес Сайрам ауданы білім бөліміне қарасты барлық білім мекемелерінде қыркүйекте – Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы; қазанда – Тәуелсіздік және отаншылдық айы; қарашада – Әділдік және жауапкершілік айы; желтоқсанда – Бірлік және ынтымақ айы; қаңтарда – Заң және тәртіп айы; ақпанда – Жасампаздық және жаңашылдық айы; наурызда – Тәуелсіздік және отаншылдық айы; сәуірде – Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы; мамырда – Бірлік және ынтымақ айы өткізіледі.
Бұдан бөлек мектептерде күнделікті «Өнегелі 15 минут» әңгімелесуі өтіп, күй әуенімен қоңырау соғылып, үзіліс кезінде ұлттық ойындар ұйымдастырылуда.
Апта сайын оқу аптасының басында бірінші сабақта оқушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды. Бүкіл ұйымның сабақта және сабақтан тыс іс-әрекетінің лейтмотиві ретінде қызмет ететін мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, халық даналығы, ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздерін — аптаның дәйексөздерін ақпараттық стендтерде, Led-экрандарда, тақталарда және т.б. орналастырылады.
Ал, сынып сағаттарында «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!»,«Ойынға салауатты көзқарас», «Өмірге салауатты қадам», «Қоғамдық мүлікті қорға!»,«Қауіпсіз қоғам» тақырыптары талқылануда.
Мектептерде ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шаралар бүгінгі таңда «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт, «Smart bala», «Балалар кітапханасы», «Ұшқыр ой» жобалары аясында өткізілуде.
«Адал азамат» бағдарламасы – еліміздің барлық мектептерінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама жас ұрпақтың саналы, патриоттық және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына жол ашады. Сайрам ауданында да бұл бағдарламаның сәтті жүзеге асырылуы, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мұндай жүйелі жұмыс арқылы еліміздің болашағы жарқын, бәсекеге қабілетті азаматтарды тәрбиелейтіні сөзсіз.
