Елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде аталып өтілетін Еңбек күні мерекесі қарсаңында қоғамда адал еңбек пен жасампаздық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған игі шаралар легі қызу жалғасуда. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасында өскелең ұрпақтың санасына еңбекқорлық, кәсіби біліктілік және жауапкершілік қасиеттерін сіңіру басты стратегиялық бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
Осы орайда, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес қыркүйек айының ресми түрде «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» болып бекітілуі бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүріп жатқанын айғақтайды. Осы игі бастаманы қолдау мақсатында Арыс қаласындағы В.Комаров атындағы №8 жалпы білім беретін мектепте де оқушылардың санасына еңбекқорлық пен патриотизмді сіңіруге арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Бастауыш сынып жетекшілерінің ұйтқы болуымен өткен «Еңбек түбі – береке» атты тәрбие сағаты балалардың еңбекке деген көзқарасын түбегейлі қалыптастырып, оның адам өміріндегі шешуші рөлін терең ұғындыруды мақсат етті. Шара барысында оқушылар тек теориялық ақпарат алып қана қоймай, өз бетінше ізденістерін көрсетіп, еңбек туралы халық мақал-мәтелдерін жарыса айтып, жұмбақтар шешті.
Ұстаздар мен оқушылар арасындағы еркін пікірталас форматында өткен әңгіме барысында «Әділетті Қазақстанның» тірегі саналатын адал азамат болу үшін кез келген іске жауапкершілікпен қарау керектігі сөз болды. Түрлі мамандықтардың ерекшеліктері пен олардың қоғам үшін маңызы жан-жақты талқыланды.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» сияқты ата-бабамыздан қалған асыл сөздердің терең мәні ашылып, адал еңбектің адамды тек қана биіктерге жетелейтіні түсіндірілді. Жас жеткіншектер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, еңбек адамдарына деген шынайы құрметтерін айрықша жеткізді.
Қоғамдағы «Заң мен тәртіп», «Адал еңбек – адал табыс» қағидаттарын жастайынан бойына сіңірген өскелең ұрпақ ертеңгі күні елдің өркендеуіне өз үлесін қосары анық. Мұндай танымдық іс-шаралар оқушылардың бойында табандылық, ұқыптылық пен өз еңбегін бағалай білу қасиеттерін қалыптастырып, болашаққа нық сеніммен қадам басуға жол ашады.
