«Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» еліміздің әрбір өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды құжат. Отырар ауданы да бұл бағдарламаның белсенді қатысушысы болып, оның тиімді жүзеге асырылуына айтарлықтай үлес қосуда. Маяқұм ауыл округінде биылғы жыл елеулі өзгерістер мен жақсартуларға толы болып отыр. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде, бұл өз кезегінде ауылдың көркейіп, дамуына зор үлес қосуда.
Көшелер жаңартылып, абаттандырылуда
Ауыл округіндегі бірнеше көшенің жөндеуден өтіп, абаттандырылуы – ең алдымен тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Атап айтқанда, ұзындығы 750 метр болатын Е.Әнетбеков көшесі, ұзындығы 690 метр болатын Р.Мырзабеков және Т.Сыздықов көшелері, сондай-ақ ұзындығы 580 метр болатын Ә.Байымбетов, С.Сейітбеков көшелеріне жаңа асфальт төселді. Бұл жұмыстар көлік қатынасын жақсартып, жол қауіпсіздігін арттырады деп күтілуде.
Жасыл желектер көбейіп, инфрақұрылым жаңарады
Ауылдың көркем келбетін арттыру мақсатында ауыл округіндегі мекемелер мен «Жасыл аймақ» аумағына, сондай-ақ жол бойына жалпы 2000 түп көшет отырғызылды. Бұл жасыл желектер ауаны тазартып, ауылға сән береді.
Сонымен қатар, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңартуға да баса назар аударылуда. Қостерек елді мекеніндегі 30 бағана мен 1 трансформатор, Бестам елді мекеніндегі 1 трансформатор мен 20 бағана ауыстырылып, жаңартылды. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырады.
Жарықтандыру және ауыз су мәселелері шешімін табуда
Жыл соңына дейін Ө.Жәнібек пен Әліпбек ата көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл ауылдың кешкі көрінісін жақсартып, қауіпсіздікті арттырады.
Ауыл тұрғындары үшін өзекті болып келген ауыз су мәселесі де шешімін таппақ. Аталған мәселеге байланысты бүгінгі таңда ауылдағы ауыз су жүйелерін жөндеу, ауыз су ұңғымасын қазу, жақын елді мекендерге баратын ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыстар ауыз судың сапасын жақсартып, тұрғындардың таза суға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Кешенді шаралар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.
P.S. Отырар ауданында «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» жүзеге асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде. Инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланың дамуы, ауыл шаруашылығын қолдау және кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы аудан халқының өмір сүру сапасы артып, болашаққа деген сенім нығаюда.
