Арыс қаласында Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда қала аумағындағы сайлау учаскелерінде каскадтық модель негізінде кәсіби оқыту шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл шара сайлау процесін заңды, ашық әрі әділ өткізу мақсатында учаскелік комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған.
№8 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне арналған семинарда төраға Л. Аубакирова сайлау қызметінің негізгі бағыттары мен құқықтық аспектілерін жан-жақты қарастырды. Ол жанжалды жағдайларды реттеу тәртібін, сайлау күніне дайындықты тиімді ұйымдастыруды және сайлаушыларды ақпараттандыру мәселелерін нақты мысалдармен түсіндірді.
№34 учаскелік комиссия мүшелеріне өткен оқу-кеңесте төраға Ж. Қарынтаев сайлау процесінің сапалы ұйымдастырылуының маңыздылығына ерекше тоқталды. Бағдарламаға дауыс беру тәртібі, дауыстарды санау және қорытынды шығару, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері енгізілді. Семинарға округтік сайлау комиссиясының төрағасы Г. Айлабекова, сондай-ақ учаскелік комиссия төрағасы С. Дәуренбеков пен орынбасары Е. Әлдеш қатысып, жұмыс барысын бақылауда ұстады.
Ерекше назар аударарлығы, №2 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы М.Мәжінбеков мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ету жайында баяндама жасады. Сонымен қатар, ол сайлаушылар тізімімен жұмыс, ғимаратты жабдықтау, ақпараттық стендтердің мазмұны және байқаушыларды тіркеу кезіндегі құжат талаптарына тоқталды. М.Мәжінбеков көшірме құжаттар мен телефондағы скриншоттардың жарамсыз екенін, тек түпнұсқа құжаттардың күші бар екенін ескертіп, комиссиялардың құзыреті туралы нақты ақпарат берді.
№3, 4, 6 учаскелердің комиссия мүшелері «Сайлауды дайындау мен өткізуді ұйымдастыру» тақырыбындағы семинарға қатысты. №6 учаскелік комиссия төрағасы Ғ. Ізтілеуов барлық іс-әрекеттердің құқықтық-нормативтік база аясында жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. №4 учаскелік комиссия төрағасы А. Куленов мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне толыққанды қатысуын қамтамасыз ететін ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттармен таныстырды.
№5 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне арналған оқыту барысында сайлауға дайындық, шақыру қағаздарын тарату, сайлау күніндегі дауыс беруді ұйымдастыру және дауыстарды санау рәсімдері қамтылды.
№17 сайлау учаскесіндегі семинарда қызметкерлерге дауыс беру тәртібі, дауыстарды санау және қорытынды жасау ерекшеліктері, сондай-ақ сайлаушыларды ақпараттандыру жүйесі толық қаралды. Әсіресе, жанжалды жағдайларда дұрыс әрекет ету алгоритмі мен мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын тең қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді. Бұл бағыттар демократиялық институттардың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің кілті болып табылады.
№12 сайлау учаскесіндегі жиында комиссия төрағасы Г.Әмірқұлова сапалы ұйымдастыру мен кәсіби даярлықтың маңыздылығын атап өтті.
Ал Монғайтас ауылдық округіндегі №20 учаскеде төраға Д. Бейсенбаев қоғаммен байланыс, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары және БАҚ өкілдерімен, сенім білдірушілермен өзара іс-қимылдың маңыздылығын талқылады. Байқаушылар мен қоғамдық бақылау субъектілерімен тиімді диалог құру – сайлау нәтижелеріне сенім артудың негізгі шарты.
Жиделі ауылдық округінің Аққала ауылындағы №30 учаскесіндегі семинар республикалық және облыстық деңгейдегі тәжірибеге сүйене отырып, каскадтық әдіспен ұйымдастырылды. Комиссия төрағасы Г.Әуезова әдістемелік құралдар мен бейнекурстар арқылы дауыс беру күніне қатысты рәсімдерді жүйелеп, іс-қимыл алгоритмдерін нақты түсіндірді. Мұндай тәсіл материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалануға және сайлаушылардың құқықтарын толық қорғауға бағытталған.
Бұл жиындар арқылы Арыс қаласының сайлау комиссиялары Құрылтай сайлауын жоғары деңгейде өткізуге барлық қажетті білім мен дағдыға ие болуға мүмкіндік алды.
Жергілікті сайлау учаскелерінде өткен оқу-семинарлар комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейін көтеруге және сайлау заңнамасының бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл шара сайлау процесін ұйымдастырудағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және әдістемелік тұрғыдан дұрыс жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
