ПАТРИОТИЗМ АЙНАЛАНЫ ТАЗА ҰСТАУДАН БАСТАЛАДЫ

Туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік пен патриоттық сезім биік мінберлердегі сөздерден емес, қоршаған ортаны ластамаудан, туған жерді әрқашан таза ұстаудан басталады. Туған өлкенің әрбір көшесі мен ауласы – ортақ үйіміздің айнасы. Осы бағытта Арыс қаласында қоршаған ортаның санитарлық тазалығы мен тәртібін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Арыс қаласында бүгін қала тазалығын сақтау және абаттандыру қағидаларының қатаң орындалуын бақылау мақсатында жауапты бөлім мамандары мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған жұмысшы топ кезекті рейдтік іс-шарасын өткізді. Рейд барысында тұрғындарға өз үйлерінің іргелес аумағын әрдайым таза ұстау, өсіп кеткен арамшөптерді уақытылы ору, сондай-ақ құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды аула маңында бейберекет қалдырмау жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы заң талаптары бойынша ескертулер жасалды.

Елді мекендердегі санитариялық тәртіпті сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға, атап айтқанда көшелерге, саябақтарға, скверлерге және өзге де қоғамдық орындарға қоқыс тастауға, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға төгуге қатаң тыйым салынған және бұл үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, тұрғын үйдің іргелес аумағын қоқыстан тазаламау, аулалардағы шөпті уақытылы ормау, құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге жинау және аумақтың санитариялық тазалығын сақтамау заң аясында жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.

Осыған орай, жұмысшы топ барша тұрғындарды өз аулаларын, көшелерін және іргелес аумақтарын таза ұстауға, шөпті уақытылы орып, қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырды. «Таза қала – ортақ жауапкершілік» десек, туған қаласының  тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын өз үлесін қосып, тәртіп пен мәдениеттің үлгісін көрсетуі тиіс.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар