Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бүгін қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ орталық базар аумағында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Базар әкімшілігімен бірлесіп өткізілген бұл шараның басты мақсаты тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету және қаламыздағы тәртіпті нығайту болып табылады.
Рейд барысында жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандарының иелерімен тілдесіп, өздеріне тиесілі аумақтың тазалығын тұрақты түрде қамтамасыз ету, ғимараттардың қасбетін заманауи әрі бірыңғай талапқа сай күтіп ұстау, сондай-ақ көшелердің көркіне сызат түсіретін заңсыз және жабайы сауда орындарына жол бермеу қажеттігін еске салды. Мамандар тәртіп сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын, атап айтқанда, заңбұзушыларға қатысты айыппұл салынатынын ескертті.
Туған жерге деген сүйіспеншілік тек сөзбен емес, нақты іспен көрінеді. Әрбір арыстықтың жүрегінде туған қаласына деген жанашырлық пен патриоттық сезім ұялауы тиіс. Өйткені бірлік пен тұрақтылық — кез келген бастаманың сәтті жүзеге асуының кепілі. Қаланың көркі мен тазалығы — баршаға ортақ аманат. Ортақ шаңырақты таза ұстау, тәртіп пен заңға бағыну арқылы әрбір тұрғын өзі өмір сүріп отырған өлкенің гүлденуіне өз үлесін қоса алады.
Тазалық пен абаттандыруды насихаттауға бағытталған мұндай рейдтік және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаса бермек.
