АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Созақ аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесу кестесіне сәйкес, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев Қарағұр және Қаратау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – ауылдардағы атқарылған жұмыстардың барысын баяндау, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және өзекті мәселелерді бірлесе талқылау болды.

Алғашқы кездесу Қарағұр ауылында өтті. Жиын басында Ордабек Мырзабекұлы сөз алып, өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелердің орындалу барысы жөнінде арнайы хабарлама жасады. Сонымен қатар, ауылда соңғы жылдары жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып, олардың ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңызын атап өтті.

Одан кейін ауыл ақсақалы Төребек ата сөз алып, елдің тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді ортаға салды. Ауылда көшелердің толық асфальтталуы, жарықтандыру жүйесінің жаңартылуы тұрғындардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартқаны айтылды. Дегенмен, бұл жетістіктермен шектелмей, ауыл халқы бірқатар жаңа ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, Раң елді мекеніндегі үйіргелік су мәселесін шешу, сондай-ақ ауыл маңындағы тоғанның мәселесін реттеу туралы өтініштер білдірілді.

Кездесу одан әрі Қаратау ауылында жалғасты. Жиында Саржаз елді мекеніндегі ескі мектеп ғимаратын мәдениет үйіне айналдыру туралы ұсыныс айтылды. Тұрғындар бұл нысанның елді мекеннің мәдени өміріне серпін беретінін, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасайтынын айтты.

Аудндық мәслихат төрағасы аталған барлық ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, әр мәселе бойынша тиісті атқарушы органдармен бірлесе отырып, алдағы уақытта оң шешім қабылдауға ықпал жасауға сөз берді.

Халықпен ашық әрі мазмұнды диалог орнату — жергілікті басқарудың негізгі қағидаттарының бірі. Осындай кездесулер ауылдардың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, нақты шешімдер қабылдауға жол ашады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, жергілікті билікке деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Аудандық мәслихат төрағасының бұл кездесулері жергілікті басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір көрінісі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар