Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Түлкібас ауданына қарасты Балықты ауылдық округінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауыл инфрақұрылымын жүйелі дамыту мақсатында жол салу, жарықтандыру және көгілдір отынмен қамту жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Ауыл ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету — басты міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Балықты ауылдық округі бойынша жалпы 41 көшенің 26-сы асфальтталды. Жол сапасын арттыруға бағытталған бұл қадамдар алдағы уақытта де өз жалғасын таппақ.
Аудандағы инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары тек жол жөндеумен шектелмейді. Қазіргі таңда аудандағы 10 елді мекеннің 14 көшесіне электр сымдарын тарту жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Аталған ауқымды жоба аясында Балықты ауылының «Болашақ» көшесіне заманауи электр бағаналары орнатылып, сапалы электр қуатымен қамту мәселесі шешімін тапты.
Мұнымен қоса, аталған «Болашақ» көшесіндегі газ құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстары да сәтті аяқталды. Нәтижесінде тұрғындар көптен күткен табиғи газ жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Ауылдық округтегі бұл оң өзгерістер — мемлекеттік бағдарламалардың ел игілігіне тиімді қызмет етіп жатқанының айқын дәлелі. Жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан бұл кешенді жұмыстар алдағы уақытта да өңірдегі өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталмақ.
