Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын кеңінен насихаттау және оның қоғамдағы рөлі мен құқықтық негіздерін түсіндіру мақсатында «Бірлік – басты құндылық» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен өткен бұл маңызды жиынға ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Тұрсынханов, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен қоғам белсенділері қатысып, Ата Заңның ел болашағы үшін маңызын тереңінен саралады.
Осы тұста Мемлекет басшысының: «Біздің Конституция – мемлекеттілігіміздің негізі, ел бірлігі мен татулығының кепілі. Ата Заңымыз баршамызды ортақ мүдде – Қазақстанның өркендеуі жолында біріктіріп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың басты тетігі болып қала береді», – деген сөздері жиынның негізгі өзегіне айналды.
Басқосу барысында Конституцияның қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, сондай-ақ заң үстемдігін орнықтырудағы орны жан-жақты сөз болды. Мақтаарал ауданы тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Елов Ата Заңның елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы айрықша маңызына тоқталса, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Асқар Елшиев жаңа Конституцияның әрбір азаматтың құқықтары мен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететін, реформалардың берік құқықтық негізін қалыптастыратын құжат екенін баса айтты.
Өз кезегінде этномәдени орталықтардың жетекшілері де еліміздегі барлық этнос өкілдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерінің тең қамтамасыз етілуі – Конституцияның басты қағидаты екенін жеткізіп, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізгі кепілі екенін ортақ пікір ретінде түйіндеді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту – барша қазақстандықтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Аталған «дөңгелек үстел» жаңа Конституцияның қоғамдағы орнын насихаттап қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің өзара пікір алмасып, ұлттық құндылықтар төңірегінде бірігуіне мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды. Қатысушылар Ата Заңның тек құқықтық құжат қана емес, барша қазақстандықтың береке-бірлігін айқындайтын құндылық екенін бірауыздан қуаттады.
