«ДОМБЫРА ҮНІ – МӘҢГІЛІК МҰРА»: МАҚТААРАЛДА ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

«Мақтаарал мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қарасты Достық ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра үні – мәңгілік мұра» атты тақырыпта ауқымды мәдени-тағылымдық іс-шара өтті.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, дәстүрлі өнерді ұлықтаған бұл шара, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған Мемлекет басшысының бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Себебі, қазақ халқының жаны мен болмысына айналған қасиетті домбыраны төрге шығару – ұлттық бірегейлікті сақтаудың және жаһандану заманында рухани құндылықтарды нығайтудың басты шарты екені сөзсіз.

Мәдени іс-шараның шымылдығы күмбірлеген күймен ашылып, ауыл жастары мен балалары үшін арнайы танымдық сағат ұйымдастырылды. Шара барысында мәдениет үйінің қызметкерлері домбыраның шығу тарихы, оның құрылымы мен қазақ өміріндеді алатын ерекше орны жайында қызықты мәліметтермен бөлісті. Әсіресе, халқымыздың көне аңыз-әпсаналары мен қос ішектің құдіретіне қатысты тағылымды оқиғалар балалардың назарын ерекше аударды. Жиналған қауымға күй атасы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей мен Сүгір сияқты ұлы күйшілердің асыл мұралары таныстырылып, олардың туындыларының шығу тарихы кеңінен баяндалды. Домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, қазақтың ғасырлар бойғы шежіресі екендігі жасөспірімдердің санасына сіңірілді.

Кеш барысында тек тарих айтылып қана қойған жоқ, сонымен қатар жергілікті өнерпаздар мен мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Жастар халық күйлері мен заманауи композицияларды домбырада нақышына келтіре орындаса, жас жыршылар қазақтың шешендік өнері мен өсиетке толы термелерін шырқады. Оған қоса, балалар арасында домбыра мен қазақ аспаптары туралы сұрақ-жауап ойындары өткізіліп, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Ауыл балалары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мәдениет үйінің үйірме жетекшілерінен аспапта ойнаудың алғашқы әдіс-тәсілдерін үйренді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жай ғана мерекелік кеш емес, бұл – ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жас ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан нақты үлесі. Қасиетті аспапты ұлықтау арқылы балаларды әлеуметтік желінің зиянды әсерінен қорғап, оларды пайдалы, рухани іске бағыттау көзделген. «Домбыра үні – мәңгілік мұра» атты кеш соңында мәдениет үйінің басшылығы қатысушылар мен қолдау көрсеткен ауыл тұрғындарына алғыс білдірді. Ұлттық аспапты серік еткен мақтааралдық жастардың бұл қадамы төл өнеріміздің ешқашан ұмытылмайтынын және келешек ұрпақтың жүрегінде мәңгілік ұялай беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар