БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМ – ЕЛ ТІРЕГІ: КЕНТАУДА МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Кентау қаласының 70 жылдығы аясында ерекше мерекелік іс-шара өтті. Бұл іс-шара қоғамда өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту, этностар арасындағы достықты дәріптеу, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөлін кеңінен насихаттау мақсатын көздеді.

Қазақстан Республикасы – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Елдің тұрақтылығы мен бірлігі – оның дамуының негізі. Мемлекет басшысы елдің бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін үнемі көптеген шаралар қабылдауда. Осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын айшықтайтын бұл мерекелік жиынға Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қатысты.

Игі шарада достық туын биік ұстаған елдің жарқын болашағы жайында ой қозғалып, осы сәтке дейінгі атқарылған жұмыстар баяндалды. Жиынға қатысқан этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп, бірлік пен келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Атап айтқанда, Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы жастарды бірлік пен бауырмалдықты қадірлеуге, ортақ Отанның өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Кентау қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы өз сөзінде елдің ең басты байлығы – бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана қоғамның дамуы мен тұрақтылығы қамтамасыз етілетінін жеткізді. Славян этномәдени бірлестігінің өкілі қазақстандық бірегейлік пен азаматтық келісімнің маңыздылығына тоқталып, барлық этностардың ынтымақтастығы мен өзара сыйластығы ел дамуының берік негізі екенін айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы өнегелі істері және қоғамның рухани дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарға қала әкімінің алғыс хаттары табысталды. Жиын соңында қатысушылар ел бірлігін сақтау мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы игі бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, бірлік пен татулықтың мәңгілік құндылық екенін жеткізді. Шара соңында ұйымдастырылған мерекелік концертте қала өнерпаздары әсем ән мен ұлттық билерден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, 2025 жылғы мәліметтер бойынша, Кентау қаласы тұрғындарының 67,46%-ы — қазақтар, 26,46%-ы — өзбектер, 2,9%-ы — орыстар, 1,05%-ы — татарлар, 0,59%-ы — әзірбайжандар, 1,54%-ы — басқалары. Бұл көрсеткіштер қаланың көпұлтты құрамын айқын көрсетеді және осындай іс-шаралардың этносаралық қарым-қатынастарды нығайтудағы маңыздылығын арттырады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Кентау қаласының 70 жылдығын бірге атап өту – бұл тек мереке ғана емес, сонымен қатар елдің тарихын, мәдениетін және бірлігін насихаттаудың тамаша мүмкіндігі. Келешекте де мұндай шаралардың жалғасын тауып, қоғамдағы сыйластық пен түсіністікті арттыра беретініне сенім мол.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар