Қазақстан Республикасының Президенті бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беретіні белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық аймақтарында белсенді жүргізілуде. Соның бір жарқын мысалы ретінде Бәйдібек ауданының Боралдай ауылындағы №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымының ауыл тұрғындарымен бірлесе атқарған игі істерін атап өтуге болады.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарын спортқа баулу, олардың денсаулығын нығайту және бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасау. Бұрын бос тұрған, пайдаланылмай жатқан ғимарат ауыл тұрғындарының қолдауымен спорт мектебінің қарамағына беріліп, күрделі жөндеуден өтіп, заманауи спорт нысанына айналдырылды. Бұл ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың спорттық әлеуетін дамытуға жол ашты.
Бұл бастама ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріндегі елеулі жаңалық болып табылады. Ендігіде бұл ғимарат жастардың денсаулығын нығайтып, спорттық шеберліктерін шыңдайтын орталыққа айналады. Бұл жобаның жүзеге асуына Боралдай ауылдық №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақытжан Төребеков пен оның ұжымының ерен еңбегі мен белсенділігі зор үлес қосты. Олардың ұйымдастырушылық қабілеті мен жастарға деген жанашырлығы осындай нәтижеге жетуге мүмкіндік берді.

Ауыл тұрғындары бұл бастаманы жылы қабылдап, өздерінің алғыстарын білдіруде. Олар балаларының спортпен айналысуына жаңа жағдай жасалғанына өте қуанышты. Бұл тек спорттық дамуға ғана емес, сонымен қатар жастардың тәрбиесіне, олардың салауатты өмір салтын ұстануына да оң ықпал ететіні сөзсіз. Жаңа спорт нысаны ауылдағы спорттық инфрақұрылымды дамытуға, жас таланттарды анықтап, оларды жоғары деңгейде даярлауға серпін береді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша: «Боралдай ауылдық №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымына осы игі бастамалары үшін алғысымызды білдіреміз. Ауыл балаларын спортқа баулып, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне, үлкен жарыстарда ауданымыздың аты биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз! Бұл жоба ауылдың жарқын болашағына деген сенімді арттырады және жастардың дамуына зор үлес қосады деп сенеміз».
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға бағытталған саясатының нәтижесінде Боралдай ауылындағы бұл жоба жастардың денсаулығын нығайтып, олардың рухани дамуына ықпал ететін маңызды қадам болды. Бұл тәжірибе еліміздің басқа да ауылдарына үлгі боларлықтай.
