ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ СТАНДАРТТАУ — ШЫМКЕНТ ФАРМАЦЕВТИКАСЫНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Шымкент қаласында медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсетуді бақылаумен қатар, бұл саланы цифрландыру мен халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл САДЫҚОВА Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте салада атқарылған жұмыстар мен жаңашылдықтар туралы айтып өтті.

Айгүл Садықованың мәлімдеуінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 14 421-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан.

Мемлекеттік қызметтердің көпшілігі мамандарға сертификат беру, лицензиялау, дәрілік заттар мен биоматериалдарды тасымалдауға рұқсат беру секілді бағыттарды қамтиды. Осы көрсеткіштер медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық мекемелердің қызметін заң аясында жүргізуге деген ынтасын арттырып отырғанын айғақтайды.

Департаменттің маңызды қызметтерінің бірі — фармацевтикалық қызмет көрсетушілердің GxP халықаралық стандарттарына сәйкестігін тексеру. Шымкентте бүгінде 344 субъект, 789 объект фармацевтикалық қызметпен айналысуда. Олардың ішінде 318-і (жалпы санының 77%-ы) GxP талаптарына сай сертификаттарға ие. Бұл халыққа сапалы және қауіпсіз дәрілік заттарды ұсынуға жасалған маңызды қадам.

«Тағы бір елеулі жаңашылдық — дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау жүйесінің енгізілуі. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде өндірілген дәрілерге міндетті таңбалау тәртібі енгізілді. Бұл жүйе дәрілік заттардың заңды айналымын бақылауға, тұтынушыны сапасыз өнімнен қорғауға және әрбір қаптаманың қозғалысын өндірушіден пациентке дейін қадағалауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Айгұл Садықова.

Қазіргі таңда Шымкентте бұл процеске 2 отандық өндіруші, 33 көтерме ұйым және 589 бөлшек сауда нысаны қатысуда.

Департамент өз қызметін халыққа ашық әрі қолжетімді етуге ұмтылуда. Азаматтар денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтарымен ресми сайт, әлеуметтік желілер, телефон байланысы арқылы немесе жеке қабылдауға жазылып, кеңес ала алады.

Цифрландыру, халықаралық стандарттарды енгізу және бақылау құралдарының жетілдірілуі – бұл Шымкент қаласының фармацевтикалық инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар