ДАУЫС БЕРУДІ АШУ ЖӘНЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы әлеуметтік желідегі парақшаларында алдағы сайлау науқанына қатысты маңызды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Желі қолданушыларына дауыс беруді бастау, оны ұйымдастыру тәртібі және сайлаушылардың құқықтарын қорғау бағытында толық мәлімет берілді.

Мамандардың түсіндіруінше, сайлау күні таңертең дауыс беру рәсімі ашылмас бұрын учаскелік сайлау комиссиясының жұмысы айрықша жауапкершілікпен басталады. Дауыс беру басталғанға дейін бір сағат бұрын комиссия мүшелері толық жиналып, дауыс беруге арналған жәшіктердің іші бос екенін және олардың бүтіндігін жан-жақты тексереді. Барлық талаптар орындалғаннан кейін жәшіктерге арнайы пломбалар салынып, мөр басылады. Бұдан бөлек, дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия төрағасы әріптестерінің қатысуымен жәшіктердің күйін қайта пысықтап, сайлау бюллетеньдерін таратуға жауапты комиссия мүшелерін арнайы бекітеді.

Дауыс беру барысында әрбір азамат өз еркін жеке өзен жүзеге асыруы тиіс. Заң бойынша ешкімнің басқа адамның орнына дауыс беруіне түбегейлі жол берілмейді. Сайлаушы өзінің жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткеннен кейін ғана тізім негізінде бюллетень алады. Бюллетень алған кезде азамат тиісті тізімге өз қолын қояды, ал бюллетеньді табыстаған комиссия мүшесі де құжатқа өз қолын қойып, растайды. Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетень таратуға құқығы жоқ екені қатаң ескертіледі.

Кейбір сайлаушылардың өзге аймақта немесе өз учаскесінен тыс жерде жүруі мүмкіндігі де ескерілген. Егер азаматта дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі болса, ол келген орнындағы учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Бұл жағдайда комиссия сайлаушыны сол күні сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігін тізімге қоса тіркейді. Бұл ретте аталған куәлікті басқа сайлау округінің учаскелік комиссиясы берген жағдайда, әсіресе аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезінде ерекше тәртіп сақталады. Осындай нақты ережелер мен үйлесімді жұмыстың арқасында сайлау үдерісінің әділ, заңды әрі ашық өтуіне толық кепілдік беріледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар