Enbek.kz хабарламалары енді Aitu мессенджері арқылы да жіберіледі

Қазақстандықтар Enbek.kz Электрондық еңбек биржасынан келетін жұмысқа орналасуға қатысты хабарламаларды енді Aitu ұлттық мессенджері арқылы да ала алады. Бұл мүмкіндік «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында іске қосылды.

Қазіргі уақытта жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – азаматтарға жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен жеке қолдау көрсету.

Жобаға қатысушылардың білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары мен қалауы ескеріле отырып, оларға сәйкес келетін бос жұмыс орындары ұсынылады. Сонымен қатар азаматтарға оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін шаралар туралы кеңес беріледі.

Сондай-ақ жұмыс іздеушілердің сұрақтарына жауап беретін жасанды интеллект көмекшісі қолжетімді. Ол жұмысқа орналасу барысындағы өзекті мәселелер бойынша ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Енді осы қызмет аясында жіберілетін хабарламалар Aitu ұлттық мессенджері арқылы да жолданады. Бұл азаматтарға жұмысқа орналасуға қатысты ұсыныстар мен қолдау шаралары туралы ақпаратты қосымша арна арқылы алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Enbek.kz платформасының Aitu желісіндегі ресми аккаунты тексеруден өтіп, арнайы растау белгісіне ие болды. Бұл пайдаланушыларға хабарламаның ресми дереккөзден келгенін анықтауға және атауы ұқсас жалған аккаунттардан ажыратуға көмектеседі.

Әзірге «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар