Шымкент қаласында 2025 жылы 49 567 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Жыл басынан бері нақты 10 301 адам қамтылды. Оның ішінде 27 755 адамды түрлі мемлекеттік қолдау шараларына тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, қалада іске асырылып жатқан даму бағдарламалары, концепциялар және азаматтардың жеке бастамаларымен құрылған кәсіпорындар арқылы 21 812 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Жалпы жоспарланған іс-шаралар бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдау аясында 2 840 адамды қамту көзделсе, субсидияланатын жұмыс орындарына 6 045 адам жіберу жоспарлануда. Бос жұмыс орындарына 15 272 адам орналастыру қарастырылған. Кәсіби оқыту курстарына 3 598 адам жолдануы тиіс.
Айта кетейік, Шымкентте жұмысқа тұруға ниетті азаматтар Еңбек мобильді орталығына қарасты аудандық Мансап орталықтарының мамандарының көмегіне жүгініп, болмаса Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Порталда тіркелу арқылы түйіндеме орналастыруға, ал жұмыс берушіге бос орын туралы хабарлама қалдыруға; сұхбатқа шақырту алып, жұмысқа орналасуға немесе жұмыс орнын ұсынуға; мансап орталығына өзекті бос жұмыс орындары туралы мәлімет беруге;онлайн режимде статистикалық есеп беруге мүмкіндік қарастырылған.
Enbek.kz-те бірқатар мемлекеттік қызметті онлайн алуға мүмкіндік бар. Мысалы, Enbek.kz арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге, бос жұмыс орындарына іріктеуге қатысуға, жұмыссыз мәртебесін алуға, жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемге өтініш беруге, жұмыспен қамту бағытындағы ұлттық жобаларға қатысып, уақытша жұмыс орындарына орналасуға және жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударуға өтініш беруге болады.
Одан бөлек, Skills.Enbek.kz онлайн-оқыту платформасында жаңа дағдыларды үйренеді, Business.Enbek.kz кәсіпкерлерді қолдау шарасы аясында «Бастау Бизнес» курсына тіркеліп, онлайн-оқудан өтуге, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда электронды еңбек биржасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін жаңа мүмкіндіктер қосу үстінде. Солардың бірі — Tanda.enbek.kz бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі. Жәрмеңкеде әр түрлі мамандық бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.
Электронды еңбек биржасы арқылы шетелден де жұмыс табуға мүмкіндік бар. Ол үшін Enbek.kz-тегі «Шекарасыз жұмыс» қызметін пайдалану қажет. Онда Армения, Беларусь, Ресей мен Қырғызстанда мансап жасағысы келетіндер өтініш беріп, бағын сынап көруге болады.
Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушінің әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген өтініш берушіні жұмысқа орналасуға көмектесу үшін құрылған. Онда біліктілігі жоқ қарапайым жұмысшыдан бастап, қатардағы маман, жоғары жалақы төленетін басшылық қызметке дейін бос жұмыс орындары ұсынылады. Бұл цифрлы экожүйе азаматтарды мамандық таңдаудан бастап жұмыс берушімен еңбек шартын ресімдеуге дейін сүйемелдеп келеді.
