ИППОДРОМ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында ат спортының дамуына жаңа серпін беретін заманауи үлгідегі ипподром кешенінің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл ауқымды жоба 2026 жылдың қаңтар айына дейін толық аяқталуы жоспарланған. Жаңа ипподромның жалпы аумағы 99,3 гектарды қамтиды және ол ат спортының барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратын кешенді инфрақұрылыммен жабдықталмақ.

Спорт нысаны халықаралық талапқа сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған. Мердігер мекеме – «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС.

Заманауи көпфункционалды кешенде 1500 жанкүйер сиятын трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар мен манеж қарастырылған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар.

Жобаның негізгі ерекшеліктерінің бірі – ұзындығы шамамен 4 шақырым болатын бәйге жолы. Бұл жол ат жарыстарының халықаралық стандарттарға сай өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 1500 орынды ашық трибуна салынуда, ол көрермендерге жарыстарды ыңғайлы және көрнекі түрде тамашалауға жағдай жасайды. Жабық манеж 120 орынға арналған, бұл спортшылар мен жанкүйерлерге кез келген ауа райында жаттығу мен жарыс өткізуге мүмкіндік береді. Ипподром кешенінде 100 жылқыға арналған атқоралар мен жаттығу алаңдары да қарастырылған, бұл аттардың жайлы өмір сүруі мен сапалы дайындалуына жағдай жасайды.

Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалады. Қазіргі уақытта атшабардың астыңғы дренажды қабаты толықтай төселіп, үстіңгі қабатына құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құрал-жабдықтары орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық адам жұмылдырылып, 19 техника тартылған. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.

Түркістан қаласында ипподромға апаратын ұзындығы 1,3 шақырым болатын жолға екі қабат асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылды. Жолдың екі жағынан аяқжол салу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар, ипподромға апаратын жол бойында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Аталған аумақта 1500 түп ағаш көшеті отырғызылып, су ұңғымасы қазылды. Автоматты суару жүйесінің құрылысы аяқталуға жақын, бұл жасыл желекті тұрақты күтіп-баптауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биіктігі 2 метр болатын қоршаулар орнатылып, бұл кешеннің қауіпсіздігін арттырады.

Жаңа ипподром кешені Түркістан қаласының көркін ашып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі тартымды демалыс орнына айналмақ. Мұнда өткізілетін жарыстар мен мәдени іс-шаралар қала өмірінің маңызды бөлігіне айналып, ат спортының дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар, кешеннің инфрақұрылымы жергілікті спортшыларға кәсіби деңгейде жаттығу жасауға мүмкіндік беріп, жас таланттардың қалыптасуына жағдай туғызады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар