Шымкентте халық арасында «Зеленая балка» аталып кеткен Көксай шағынауданының жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру қарқынды жүріп жатыр. Бұл ауданның тарихы тереңде жатыр, оның іргесі 1915 жылы қаланған. Қалада теміржол құрылысы басталған кезде мұнда тұрғындар қоныстана бастаған.

Ауданның «Нахаловка» аталуы да тегін емес. Себебі, үйлердің көпшілігі азаматтардың өз бетінше, тиісті құжаттарсыз салынған. Уақыт өте келе, тұрғындар криминогендік және тұрғын үй жағдайларына байланысты мәселелерді бірнеше рет көтерді. Көппәтерлі үйлердің басым бөлігі ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.
Осы мәселелерді ескере отырып, қала әкімі арнайы Көксай шағынауданына барып, тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Нәтижесінде, маңызды шешім қабылданды. Тұжырымдаманың алғашқы кезеңі – көппәтерлі үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында тұрғындарды ескі үйлерден жаңа, заманауи баспаналарға көшіру. Бүгінгі таңда 9 көппәтерлі үйден 83 отбасы жаңа баспаналы болып, жаңа өмірге қадам басты.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы сегіз отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстады. Қала басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, қуаныш иелеріне бақ-береке, жайлы ғұмыр тіледі. Жаңа пәтерлердің бөлмелері бұрынғы пәтерлердің бөлме санына сәйкес келеді, бұл тұрғындардың жаңа ортаға бейімделуін жеңілдетеді.
Тұрғындар толық қоныс аударғаннан кейін, аудандық әкімшілік ғимараты, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, әлеуметтік нысандар, жаңа көппәтерлі үйлер мен саябақтар салынады. Сондай-ақ, қолданыстағы мектеп кеңейтіліп, Көпфункционалды сауда-логистикалық орталығы құрылады.
Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жоба тек қала инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапа мен әл-ауқатын арттыруда да маңызды рөл атқарады. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, бұл аудан заманауи қалалық ортаның үлгісіне айналып, тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз өмір сүруге қолайлы аймаққа айналады деп күтілуде. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы, басқа да ескірген аудандарды жаңғыртуға серпін берері сөзсіз.
