Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтарды лайықты жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда, Кентау қалалық Мансап орталығының филиалы ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Биылғы жылға бекітілген жоспар бойынша Кентау қаласында жалпы саны 3369 жаңа жұмыс орнын құру және осыншама азаматты жұмыспен қамту міндеті қойылған болатын. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарының үлесі 2536-ны, ал уақытша жұмыс орындарының үлесі 845-ті құрайды.
Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар бірнеше негізгі тетік арқылы жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 169 жұмыс орны қарастырылған. Сонымен қатар «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 564 орын, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы 789 орын, қайтарымсыз гранттар негізінде 62 орын және еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 1785 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, есепті кезең қорытындысы бойынша 2170 азамат жұмыспен қамтылды. Бұл – жылдық жоспардың 64,4 пайызын құрайды, яғни белгіленген межелердің басым бөлігі уақытылы және тиімді орындалып келе жатқанын көрсетеді. Мансап орталығының мамандары жылдың қалған бөлігінде де жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау, кәсіптік оқыту және бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу арқылы көрсеткіштерді толықтай орындауды көздеп отыр. Кентау қаласындағы бұл бастамалар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға да тікелей ықпал етеді.
