КИБЕРҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА: СОЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ ЖАМАҒАТТЫ САҚ БОЛУҒА ШАҚЫРАДЫ

Созақ ауданында киберқылмыстың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шара өтті. Аудандағы барлық мешіттерде жұма намазы алдында Созақ ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жиналған жамағатпен кездесіп, қазіргі таңда белең алып тұрған интернет алаяқтығының түрлері мен одан сақтану жолдары туралы маңызды ақпарат берді.

Кездесу барысында құқық қорғау органының өкілдері тұрғындарға алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталды. Азаматтарға жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін және SMS-хабарлама арқылы келетін құпия кодтарды ешбір жағдайда бөгде адамдарға айтпау керектігі қатаң ескертілді. Сондай-ақ, бейтаныс сілтемелерге өтпеу, интернеттегі күмәнді ұсыныстарға алданбау және өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ақша аударуды талап ететін бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеу қажеттігі баса айтылды.

Түсіндіру жұмыстары кезінде тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша жан-жақты кеңестер беріліп, кез келген күмәнді қоңыраулар немесе алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда уақыт оздырмай, дереу 102 арнасына хабарласу қажеттігі түсіндірілді. Полиция қызметкерлері мұндай профилактикалық кездесулер тек мешіттерде ғана емес, ауданның басқа да көпшілік орындарында жалғасын табатынын жеткізді. Созақ ауданы полиция бөлімі интернет алаяқтықтың алдын алу бағытындағы мұндай түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да тұрақты негізде жалғастыра бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар